Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты полиция қызметкеріне қатысты істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот дерегінше, полиция майоры Б. патрульдік экипаж тоқтатқан қызметтік автокөлікті мас күйінде жүргізген. Сонымен қатар ол инспекторлардың заңды талабына бағынбай, оқиға орнынан қашпақ болған.
Нәтижесінде сот Б.-ны ҚР ӘҚБтК-нің екі бабы бойынша кінәлі деп таныды:
- 608-баптың 1-бөлігі (мас күйінде көлік жүргізу),
- 613-баптың 1-бөлігі (полиция талабына бағынбау).
Сот шешімімен ол 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 157 280 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ істің материалдары тәртіптік шара қолдану үшін БҚО Полиция департаментіне жолданды.
Заң бойынша полиция қызметкерлеріне әкімшілік қамау қолданылмайды. Сондықтан жаза айыппұл мен жүргізуші куәлігінен айырумен шектелді.
Сот «құқық қорғау органдары өкілдері заңды білуге және орындауға міндетті, ал олардың әрекеті қоғам үшін үлгі болуы тиіс» екенін атап өтті.