ШҚО-да қылмысқа қатысы бар ағайынды жігіттер ұсталды

/
ШҚО-да қылмысқа қатысы бар ағайынды жігіттер ұсталды
Polisia.kz

Өскеменде полиция есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен 21 және 23 жастағы туған ағайындыларды ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жеке тінту барысында 21 жастағы азаматтан жалпы салмағы 18,32 грамм болатын «альфа-PVP» психотроптық заты салынған 24 орам, ал 23 жастағы азаматтан салмағы 19,02 грамм болатын дәл осындай зат салынған 25 орам табылып, тәркіленді.

Тергеу нәтижесінде белгілі болғандай, ағайындылардың үлкені биыл тамыз айының басында мессенджер арқылы «қоймашы-курьер» қызметіне орналасқан. Әр жасырған «қоймасы» үшін оған 2750 теңге көлемінде сыйақы төлеуге уәде етілген. Ол бір күннің ішінде 50-ден астам "қойма" жасап үлгерген. Алайда куратордың уәдесіне қарамастан, ешқандай төлем алмаған.

 Ал оның 21 жастағы інісі ағасының өтініші бойынша орамаларды жасырғанын айтып, олардың ішінде есірткі барын білмегенін алға тартқан.

Ұсталғаннан кейін полицейлер жасырын орындарды анықтап, барлық «қоймалар» заңсыз айналымнан алынды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Полиция тұрғындарға ескертеді:

Есірткі заттарын сақтау немесе таратуға қандай да бір қатысу – тіпті туыс не таныстың өтініші бойынша болса да – қылмыстық жауапкершілікке әкеледі;

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жарияланатын «қоймашы-курьер» секілді жұмыс орындары – жастарды есірткі қылмысына тартудың тәсілі. Уәде етілген жеңіл табыс ақыры бостандықтан айыруға және болашағын құртуға алып келеді.

Полиция азаматтарды қырағы болуға, арандатушылыққа берілмеуге және есте сақтауға шақырады: есірткі – қылмыстық жауапкершілік пен орны толмас қайғыға бастайтын жол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары