Ақтаудағы сот Алматы әуежайында ұсталған прокурор Ерболат Әбдіровке қатысты әкімшілік істі тоқтатты. Оның әрекеттерінен құқықбұзушылық белгілері табылмаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
27 тамыз күні Алматы әуежайында Әбдіров екі ағайынды жігітпен танысқан. Олар прокурордың жерлестері болып шыққан. Ұшаққа апаратын автобустың ішінде олардың арасында келіспеушілік болған. Келесі күні әуежайдағы желілік полиция бөлімінің қызметкері Әбдіровке қатысты әкімшілік хаттама толтырған. Алайда сотта ағайындылар оған ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеді.
Сот автобустың қоғамдық көлік болып саналмайтынын, сондай-ақ сараптама прокурордың есі дұрыс, өзін тиісті деңгейде ұстағанын ескерді.
«Әбдіров балағат сөздер айтпаған, өзгелерге тиіспеген және қоғамдық тәртіпті бұзбаған», – делінген қаулыда.
Іс құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан тоқтатылды. Шешім он тәулік ішінде Маңғыстау облыстық сотына шағымдану тәртібімен қаралуы мүмкін.