Екі жылға жуық уақыт ішінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы басталғалы бері шамамен 860 мың гектар аумақ қоқыстан тазартылып, 4 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында бұл жоба еліміздің түпкір-түпкіріндегі миллиондаған белсенді азаматты біріктіргенін атап өтті. Президент қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастырудың маңызына ерекше тоқталды.
Осылайша, былтырғы маусым айынан бастап AMANAT партиясының мүшелері «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізіп келеді. Апта сайын еліміздің барлық өңірлерінде партия мүшелерімен қатар жастар, волонтерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері және қоршаған ортаға бейжай қарамайтын азаматтар да аумақтарды тазалауға атсалысып жүр.
Мысалы, Ақтөбе облысында «Коммуналшы» бастауыш партия ұйымының мүшелері мен жергілікті жастар ресурстық орталығының қызметкерлері Қандыағаш қаласындағы Алпамыс батыр саябағын ретке келтірді.
«Аумағы 9 гектар саябақ 6 жыл бұрын ашылған. Жаз мезгілінде балаларға арналған түрлі ойын алаңдары орнатылады. Қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарын таза ұстау маңызды. Тазалық — тек тазалаумен шектелмейді, тазалық қоқыс тастамаудан басталады», – деді AMANAT партиясының Мұғалжар ауданы филиалының атқарушы хатшысы Жұматай Бейсен.
Жетісу облысында партия мүшелері Текелі қаласындағы халық арасында «Қора көшесінің жағалауында орналасқан бұлақ кілті» деп аталатын киелі жерде тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұл табиғи қайнар ыстық күндері салқындық сыйлап қана қоймай, шипалы суымен де танымал. Жалпы, Қора шатқалы — Жетісу Алатауының ең көрікті әрі танымал аймақтарының бірі, ол Текелі қаласынан басталып, Қытай шекарасына дейін созылып жатыр. Акция қатысушылары мұндай табиғи аумақтар туристер үшін көрікті орын екенін және оларды таза ұстау қажеттігін атап өтті.
Түркістан облысының Созақ ауданына қарасты Шолаққорған ауылында партия белсенділері орталық көше бойындағы арамшөптер мен бұталарды шауып, ағаштарды ақтап, жол жиегіндегі қоқысты шығарып тастады.
Батыс Қазақстан облысында «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері мен партия мүшелері Сырым ауданының Жымпиты ауылы маңындағы Самара-Шымкент халықаралық трассасының бір бөлігін тазалады.
Маңғыстау облысының партия мүшелері нағыз рекорд орнатты: Қарақия ауданының Бостан ауылындағы орталық көшелерді тазалаған соң, 150 тонна тұрмыстық қатты қалдық жинады. Сондай-ақ гүлдерді суарып, ағаштарды әктеп, өсімдіктерді зиянкестерден өңдеді.
Жалпы, «Таза бейсенбі» акциясы еліміздің өзге де өңірлерінде өтті. Акция басталғалы 1000-нан астам ластанған аумақ тазартылып, абаттандырылды. Өзен, көл жағалауларында санитарлық жұмыстар жүргізілді. 100-ден астам су нысаны, соның ішінде Каспий теңізі жағалауы, Балқаш пен Зеренді көлдері, Кеңгір су қоймасы, Ертіс, Нұра, Есіл, Талас өзендері және басқа да су айдындары қамтылды. Жалпы акцияға 90 мыңға жуық адам қатысып, 160 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.