Өткен жылы Маңғыстау облысының прокуратурасы мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарға тексеру жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Нәтижесінде «Oil Services Company» ЖШС-нің қызметінде жабдықтарды қабылдау кезінде заң бұзушылықтар анықталып, қадағалау органы материалдарының негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды.
Тергеп-тексеру шеңберінде кәсіпорын мен мердігер ұйымның басшылық құрамындағы үш тұлға ұсталды.
Сот үкімімен аталған адамдардың барлығы кінәлі деп танылып, әртүрлі жаза түрлеріне тартылды.
Атап айтқанда, бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін кәсіпорын бас директорының орынбасары 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, кәсіпорынның бөлім басшысы мен мердігер компанияның директоры 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Қылмыстық іс сотта мәні бойынша қаралу барысында сотталғандар 23 млн теңге көлеміндегі залалды өтеді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.