АҚШ-та 67 жастағы Тим Эндрюс генетикалық түрде модификацияланған шошқадан алынған бүйрекпен алты ай бойы өмір сүріп келеді. Бұл рекорд саналады: бұрын ешқай жануардың мүшесі адамда сонша ұзақ жұмыс істемеген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Трансплантациядан кейінгі алғашқы айлар ең қауіпті саналады: иммундық жүйе жаңа мүшені қабылдамай, пациентте анемия немесе органды қабылдамау сияқты асқынулар пайда болуы мүмкін. Сидней университетінің трансплантологы Уэйн Хоторнның айтуынша, алты ай бойы асқынусыз өмір сүру – «айтарлықтай жетістік».
Бүйрек пациентке салынбас бұрын күрделі өзгерістерден өткен: шошқадан алынған үш антиген алып тасталып, қабыну мен қан кету қауіпін азайту үшін жеті адам гені енгізілген, сондай-ақ жануар геномына кірген вирустар деактивтелген. Бұрынғы тәжірибелерде жануар мүшелері адамда бірнеше минуттан бірнеше айға дейін ғана жұмыс істеген. Қазір технологиялар әлдеқайда алға жылжыған.
Бұндай операциялар әлі күнге дейін тек ерекше медициналық жағдайларда ғана жүргізіледі, бірақ клиникалық сынақтар қазірдің өзінде басталып кеткен.