Бүгін Алматыда кәсіпкер, әрі меценат, коллекционер Нұрлан Смағұлов негізін қалаған Almaty Museum of Arts заманауи өнер музейі ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Almaty Museum of Arts-тың миссиясы – заманауи өнер үдерістерін қолдау және зерттеу, олардың әлемдік мәдениеттегі маңызын ашу. Музей қорына Қазақстаннан және басқа да елдерден жиналған 700 өнер туындысы енді.
Музейдің көркемдік стратегиясы мен бағдарламалық мазмұнын көркемдік жетекші Меруерт Қалиева әзірлейді. Музейде екі жоба ашылды. Оның бірі – «Қонақтар» атты музейдің өз коллекциясы қойылған көрме және қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты ретроспективалық экспозициясы.
Музейдің ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, музейдің негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов, сондай-ақ өнер саласы және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Аида Балаева бұл музей өнерді, заманауи технологияларды, мультимедиялық шешімдер мен креативті индустрия құралдарын біріктіретін жаңа мәдени бастама екенін атап өтті. Министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтқан сөздерін еске салып, қазақстандық жас ұрпақ үшін патриотизмнің басты көрсеткіші жасампаздық пен жаңашылдықта екенін жеткізді. Ол үлгі ретінде кәсіпкер әрі меценат Нұрлан Смағұловтың елге еткен қызметін атап өтті.
«Бұл музей тек өнерді тамашалау алаңы емес, шығармашылық ойдың, жаңа идеялар мен халықаралық диалогтың орталығына айналатынына сенемін. Музей Алматының мәдени өмірін байытып, Орталық Азия өнерін халықаралық деңгейде дамытуға зор үлес қосады», – деді Аида Балаева.
Жалпы аумағы 10 мың м²-ден асатын музей ғимаратын британдық Chapman Taylor сәулет бюросы жобалаған. Бірінші қабатта кең көрме залдары орналасқан, соның ішінде «Ұлы дала» және «Сарыарқа» залдары бар. Орталық кеңістік Art Street атриумына берілген, ол Шарын шатқалының табиғи пішіндерін бейнелейді. Сондай-ақ мұнда кәсіби қор сақтау орны, реставрациялық орталық және «Шеберхана» атты креативті кеңістік орналасқан.
Музей коллекциясының 70%-дан астамы ХХ ғасырдың көрнекті қазақстандық суретшілердің еңбегінен тұрады. Атап айтсақ, Жаңатай Шәрденов, Тоқболат Тоғызбаев, Мақым Қисамединов және Шаймардан Сариевтің шығармалары қойылған. Сондай-ақ қазақстандық заманауи өнердің негізгі тұлғалары атанған Рүстем Хальфин, Сауле Сүлейменова және Саид Атабековтің жұмыстары да бар. Болашақта музей өз коллекциясын толықтырып, мақсатын жалғастыра бермек. Мұражай Қазақстан мен Орталық Азия аймағындағы өнерді ұсыну және зерттеу және халықаралық деңгейде танытуды мақсат етеді.
Музей 12 қыркүйектен бастап өз қызметін бастайды.