Көп уақыт бойы жеміс шырындары, әсіресе алма шырыны, тіс эмалін тез бұзады деп есептеліп келген. Бірақ Портсмут университетінің ғалымдары бұл пікірдің асыра айтылғанын дәлелдеді. Зерттеу нәтижелері PLOS One журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Экспериментке 32 ерікті қатысқан. Олар ауыздарын алма шырынымен және сумен шайған. Нәтижесінде, алма шырыны ауыздағы қорғаныш қабатын біраз уақытқа әлсіреткенімен, бар болғаны 10 минуттан кейін бәрі қайта қалпына келетіні анықталды. Тіпті су да бұл қабатты уақытша бұзады екен.
Зерттеушілер алма шырыны кейбір иммундық ақуыздардың деңгейін төмендететінін, бірақ тістерді қорғау мен майлауға жауапты негізгі ақуыз – муцин өзгеріссіз қалатынын анықтады. Бұл дерек жаңа тіс пасталары мен шаюға арналған құралдардың табиғи қорғаныс механизмдерін күшейтуіне жол ашады.
Мамандардың айтуынша, бір стакан алма шырыны еш зиян тигізбейді. Бірақ оны күн бойы аз-аздан немесе жиі ішсеңіз, тісіңізге шынымен зиян келуі мүмкін. Сондықтан қышқыл не тәтті сусын ішкен соң аузыңызды сумен шайып, сілекейге тісті қорғауға уақыт берген дұрыс.