Жұмыста жылау кәсіби ортада әлі де әбестікке жақын құбылыс саналады. Бірақ кейінгі зерттеулер мұның жиі кездесетінін көрсетіп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz studyfinds.org-ке сілтеме жасап.
Mental health қосымшасы Headspace жүргізген сауалнамаға сәйкес, офлайн жұмыс істейтіндердің 48%-ы, гибрид режиміндегілердің 44%-ы жұмысына байланысты жылаған. Қашықтан еңбек ететіндер арасында бұл көрсеткіш 70%-ға дейін жеткен. Себептері әртүрлі: шамадан тыс жұмыс жүктемесі, ұжымдағы қақтығыстар, ұйымдағы өзгерістер немесе мүлде жұмысқа қатысы жоқ жеке мәселелер. Қалай болғанда да, көз жасы – күйзелістің табиғи көрінісі.
Алайда жұмыс орнында жылау үйлену тойы немесе жаназа кезіндегідей қабылданбайды. Мұнда ол тосын, ыңғайсыз әрі орынсыз болып көрінеді. Әріптестердің ойына түрлі күдік келеді: шынымен қиналып тұр ма, әлде жағдайды өз пайдасына бұрғысы келе ме? Егер көз жасы адалдықпен, жұмысына жанашырлықпен немесе ауыр жеке жағдайлармен байланысты болса, түсіністікпен қаралады. Ал әлсіздік ретінде қабылданса, беделге нұқсан келтіреді.
Гендерлік қалыптар да әсер етеді. Әйелдер көбірек жылайды және оларды «сезімге берілгіш», «профессионалды емес» деп бағалайтындар бар. Ерлер үшін көз жасы тіпті қоғамдағы «еркектік» стереотипке қайшы. Екі жағдайда да жиі жылау мансаптың өсуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Бұл жерде жұмыс орнының мәдениеті шешуші рөл атқарады. Қатаң, қысымды ортада эмоция көрсетуге жол берілмейді. Ал қолдаушы ұйымдарда көз жас адамның табиғи болмысының бір бөлігі ретінде қабылданады.
Мамандардың пікірінше, жұмыста жылауды әлсіздік ретінде емес, дененің күйзеліске қалыпты реакциясы ретінде түсіну қажет. Басшылар үшін ең маңыздысы – қызметкерді бағаламау емес, түсіністікпен қарап, қолдау көрсету. Өйткені көз жасы көбіне шаршаған, бірақ жұмысқа адал қызметкердің жан айқайы болуы мүмкін.