Ақтауда үш полицей 5 жылға бас бостандығынан айырылды

/
Ақтауда үш полицей 5 жылға бас бостандығынан айырылды
istockphoto.com

Ақтау тұрғынын ұрып-соққаны үшін үш бұрынғы полицей 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Astana TV-ға сілтеме жасап.

Тағы екі бұрынғы құқық қорғаушыға 2,5 жылға бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Мұндай шешімді Ақтау қалалық соты шығарды. Бұған дейін облыстық сотта алқабилер айыпталушыларды «Азаптау» бабы бойынша дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты ақтаған еді

Іс қайта қаралып, айып «Күш қолдана отырып қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану» бабына ауыстырылды. 8 ай бойы айыпталушылар үйқамақта болған. Үш бұрынғы полиция қызметкері сот залында қамауға алынды.

«Қараңыздар, адамды ұрып-соғып, жарақаттап, азаптап, одан қандай да бір жауап алуға тырысқан жағдайда, кем дегенде ол жерден ақсап шығуы тиіс еді. Бірақ істің барлық материалдарын, бейнежазбаларды зерттей келе, біз мүлдем басқа жағдайды көрдік: керісінше, жәбірленуші полиция органдарына, қызметкерлеріне ашық түрде құрметсіздік танытып отыр. Біз кінә дәлелденбеді деп санаймыз. Барлық айып тек жәбірленушінің өз айғақтарына ғана негізделді. Басқа нақты, шынайы дәлелдер болған жоқ», — деді сотталғандардың адвокаты Берік Өтегұлов.

Ал жәбірленуші үкімді тым жеңіл деп есептейді. Оның айтуынша, сот барысында заңбұзушылықтар болған. Ұрып-соғу сәті түсірілген кадрлар мен бұрынғы полицейлердің кінәсін дәлелдейтін аудиожазбалар назарға алынбаған. Ол апелляциялық шағым түсірген.

«Үйқамақта отырған күндерді 1 күнді 2 күнге санады. Бұл қалай болғанын түсінбеймін. СИЗО-да 1 күн 1,5 күнге есептеледі, ал үйқамақта 1 күн 2 күн болып кеткен. Сонда СИЗО үйден жайлы болғаны ма? Апелляциялық шағым түсірдім. Прокуратураға да жаздым, әділдікке жетемін. Есікті ұстап тұрған адамға ең төменгі жаза — 5 жыл берілсін, ал мені ұрғандарға 5 жылдан көп берілсін. Неге ең төменгі жаза берілді? Себебі олар кінәсін мойындаған жоқ, өкінген жоқ», — деді жәбірленуші Зигмунд Азизли.

Еске сала кетейік, былтыр көктемде бұл ер адамды автокөлік бөлшектерін сататын базалардың бірінде генератор ұрлады деген күдікпен ұстаған. Оның айтуынша, ол шынында автокөлік бөлшектерін алған, бірақ бұл жайлы иесіне ескерткен. Оның бауыры жазған арыз бірден қайтарып алынған. Алайда құқық қорғаушылар мұнымен тоқтамаған. Жәбірленушінің сөзінше, үшеуі оны полиция ғимаратында соққыға жыққан, ал тағы екеуі сырттан бақылап тұрған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары