Жуырда көрермен назарына ерекше фильм ұсынылмақ. Оның ерекшелігі сол, бұл – отандық кинематографияда табиғи апат туралы түсірілген тұңғыш қазақстандық фильм. Turkystan.kz тілшісі «Қайтадан» деп аталатын бұл тың туындының продюсері Жалын Тілеубергенмен 4 қыркүйек болатын фильм тұсаукесері қарсаңында аз-кем сөйлескен еді.
– «Қайтадан» фильмі қазақ кинематографиясында табиғи апат көрінісін бейнелейтін алғашқы туынды болмақ екенін көпшілік жарыса жазып жатыр. Тизерінен-ақ айрықша кино болатынын түсініп, көп ерекшелігін байқадық. Десе де қалың көрерменге байқалмайтын басты ерекшеліктерін атап бересіз бе?
– Қазір әлемдік кинематография саласы үлкен өзгерістерді өткеріп жатыр. Мәселен, бірнеше он жылдық бойына үлкен касса жинап, негізгі трендтерді қалыптастырған Marvel соңғы фильмдері касса жинау жағынан сәтсіз болды. DC мен басқа да үлкен студиялардың жүздеген миллион долларға түсірген туындылары да өзін ақтамаған соң, Голливудтың саясаты өзгеріп жатыр. Неге? Себебі, адам өмірінде ақпарат пен өте қысқа әрі сапалы, дегенмен көрермен назарын ұстап қалатын видео контенттер шамадан тыс көп. Оның үстіне Netflix сынды платформалардың да ұсынып отырған сериалдары мен фильмдерінде есеп жоқ. Жалпы көрерменнің назары үшін бұрын-соңды мұндай талас болған емес. Осындай факторларға байланысты фильмдердің құрылымы мен жеткізу формасы өзгеріп барады. Қазіргі фильмдерден статикалық кадрлар мен ұзаққа созылған диалогтарды көп көре бермейсіз. Өйткені ондай жағдайда көрермен қолындағы телефонын шұқылап, назарын басқа жаққа аударып кетеді. Сол себепті, қазіргі фильмдер формасы жағынан өте тартымды, динамикасы қарқынды, диалогтары қысқа әрі нұсқа, сюжеттік бұрылыстар өте көп, мазмұнды болуға тиіс. Бұған маркетингтік тұрғыдан тартымды болуды тағы қосыңыз. Мәселен, былтырғы Оскар сыйлығын алған «Анора» фильміне зер салар болсаңыз, фильмнің 140 минуты, 140 тикток екеніне көз жеткізесіз.
Біз «Қайтадан» фильміне кірісер алдында осы бір факторлардың саралап, есепке алуға тырыстық. Сондықтан фильмдегі дамбының жарылуы мен «уақыт ілмегі» әдісі, яғни бас кейіпкерді бір күннің тұзағында қалып кетуі, көрерменнің назарын аудартатын форма. Жалпақ тілмен айтқанда, айсбергтің көзге көрінетін беті ғана. Осы бір қарқынды, үрейлі әрі қызықты форманың астарына біз көп мағына салуға тырыстық. Яғни, көрермен визуалды тұрғыдан тартымды, сюжеттік бұрылыстары көп, өте қарқынды фильмді тамашалап отырып, саналы түрде тек қазақ қоғамы түсінетін шетін мәселелерді байқайды. Өйткені біз бұл фильмге көпқабатты мағына таңуға тырыстық. Осы бір ерекшелікті көрермен байқайды деп үміттенеміз.
– Қазір киногерлерді көрермен назарын арзан әзілмен аулайды, жарысып, бір жылда бірнеше сапасыз кино түсіреді деп сынайтындар көп. Ал «Қайтадан» тизерін көрген көпшілік сіздерді ешкімнің тісі бата бермейтін ауыр тақырыпты алғандарыңызға алғысын айтып, таң-тамаша болып жатыр. Естуімше, бұл кино асығыс-үсігіс емес, жылдар бойы жіті зерттеліп, піскен шағында түсіріліп, енді көгілдір экранға жол тартқалы тұрған туынды екен...
– Иә, дәл солай болды. Фильмнің идеясы 2020 жылы туды. Содан бір жылдан астам уақыт сценраийі жазылып, пысықталды. Әлбетте, қазір біз елімізде кино саласы қарқынды дамып келе жатыр деп айтамыз ғой. Былтыр кинотеатрға 100-ге жуық отандық фильм шықты. Бірақ осы тұста біз жанрлық тұрғыдан алуандықты байқай бермейміз. Ара-тұра драмалар болмаса, басым бөлігі комедиялар болды. Дегенмен комедиялардың өзі әлеуметтік тұрғыдан маңызды тақырыптарды көтеріп жатыр. Айталық, «Аппақ келін» фильмінде «Бауырына салу» фильміндегідей баланы ата-әжесіне беру мәселесі көтерілді. «Таптым-ау сені-2» туындысында тұрмыстағы әйелдің бала көтере алмауы және оның отбасындағы орнына қатысты мәселелер ашық көтерілді. «Жеті гүл» фильмі ұл бала мен қыз баласының рөліне қатысты тақырыпты батыл көрсете білді. Әлбетте, әзірге көркемдік тұрғыдан шығыстық менталитетке сай емеурін арқылы жеткізу жоқ. Бәрін тікелей бетке айтып тастап, диалогтар арқылы жеткізу басым боп тұр. Дегенмен, қоғамның жарақатын қазақ киносында көтеру үрдісі басталғаны қуантады. Алайда бір жанр аясында ғана дамымай, алуан түрлі жанрлар пайда болса дейміз.
Біз де «Қайтаданда» дәл осы фильмдердегідей қазақ қоғамындағы бар жарақатты көтеруге тырыстық. Бірақ ол жарақатты үлкен апаттың, шым-шытырық сюжеттің астарына кей тұстарында көрерменге жету үшін ашық, кей тұстарда тұспалдап жеткіздік. Негізгі фонда үлкен катастрофа орнап жатқан соң, үлкен декорациялар, су тасқынын жасайтын компьютерлік графика қолдану сынды күрделі жұмыстарды атқару қажет болды. Су басатын ауылды соғудың өзіне 3 ай уақытымыз кетті. Осы сияқты қолды байлайтын, техникалық тұрғыдан күрделі жұмыстың әзірлігінің өзіне көп күш пен көп уақыт кетті. Жалпы алғанда «Қайтадан» фильмінің идея пайда болғаннан, дайын туынды ретінде көрерменге жол тартуына дейін тура 5 жыл уақыт кетті.
– Фильмнің әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан декорацияны құру қиындықтарын байқап, өте күрделі жұмыс істелінгенін аңғардық. Тіпті, жоба продюсері – сіздің осы идеяны іске асыру үшін пәтеріңізді сатқаныңызды білдік. Бұл жобадағы ең қиын тұс деп қай сәтті айтар едіңіз?
– Жоғарыда қандай жұмыстар жасалғанын қысқаша айтып өттім ғой. Біз еліміздегі апат туралы алғашқы фильмді түсіргендіктен, түсірілім кезінде бұрын-соңды қазақ киносында жасалып көрмеген көп дүние алғаш рет жасалды. Сол жұмыстар қиынға соқты дер едім.
Ал үйге келер болсақ, түсірілімді тоқтатпас үшін сатуға тура келді. Ол бас продюсер ретіндегі – менің міндетім. Ал техникалық және психологиялық тұрғыдан ең ауыр сахналарың бірі ретінде ауылды толық су шайып кететін үрейлі сахнаны айтар едім. Біріншіден тұтастай ауылды соғудың өзі көп қаражат пен көп уақыт алды. Ал осы ауылды су шайғанда түсіру кезінде команда да тек бір ғана мүмкіндік болды. Егер бір нәрсе дұрыс болмай қалса, қайтадан 3 уақыт кетіріп, жаңа ауыл тұрғызуға тура келер еді. Аталған сахнаны түсіру үшін 10 камера, дрондар, арнайы техника мен бірнеше жұмыс тобы қатар еңбек етті. Енді осы бір 5 жылдық жұмысымызды 4 қыркүйектен бастап тамашалауға болады. Барлық қазақ көрерменін еліміздегі ең алғашқы апат туралы фильмді тамашалауға шақырамыз!