Еркін күрестен Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Ризабек Айтмұхан биылғы маусымның басты додасына дайындығын бастап кетті.
Ол Olympic.kz-ке берген сұхбатында дайындығы туралы айтты.
"Қазір бәрі ойдағыдай. Емдік шараларды өткізіп, жарақаттарымнан толықтай айығып шықтым. Өзімді тамаша сезінемін, қазір дайындық жұмыстарын жоспарға сай жүргізіп жатырмын. Бапкерлік құраммен бірге әрбір ұсақ-түйекке мән беріп, қарқынды жаттығу үстіндемін. Әлем чемпионатында бәсекелестік өте жоғары деңгейде болмақ. Мысалы, менің салмағымда оннан аса мықты балуандар бар. Соның ішінде алтауы Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Сондықтан жеңіске жету өте қиын болғалы тұр", – дейді балуан.