«Ота жасатқаннан кейін 2 сағаттан соң жұмысқа оралдым» – шекарашы Асхат Баяхметов

«Ота жасатқаннан кейін 2 сағаттан соң жұмысқа оралдым» – шекарашы Асхат Баяхметов
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгін – ел тыныштығы үшін күндіз-түні көз ілмей, күзетте тұратын шекарашылар күні. Бес мемлекетпен шектесетін 15 мыңнан астам шақырымға созылып жатқан еліміздің шекарасын берік күзететін бұл маман иелерінің еңбегі ерен. Кәсіби мереке қарсаңында Turkystan.kz сайтының тілшісі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Шекаралық бақылау басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Асхат Баяхметовпен тілдескен еді.

«1984 жылы қазіргі Абай облысының Көкпекті ауданында дүниеге келдім. Онда 8-сыныпты аяқтап, кейін Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-интернатта оқуымды жалғастырдым. 2001-2005 жылдары Шекара әскери институтында оқып, лейтенант атағын иелендім. Бұл салаға әкемнің ықпалымен келдім. Әкем өрт сөндіру қызметінде талай жыл еңбек еткен. Әкем де, аталарым да әскер қатарында болған. «Әскерге бар, тәртіпке үйренесің» деді. Интернатты бітірген соң ішкі істер саласына, прокуратура, басқа да органдарға баруға болатын еді. Бірақ өзім шекара саласын таңдадым. Шекарамыз тыныш болсын, заставада қызмет етем, тауда жүрем, ел шекарасын күзетем деп ниеттендім. Бақылау-өткізу бекетінде жұмыс істеймін ғой. Біздің жұмыста жауапкершілік жоғары айтпаса да түсінікті. Ұлттық қауіпсіздік қызметіне жауап береміз, бәрін бақылаймыз. Көрші мемлекеттермен түрлі келісімшарт жасалуына  байланысты өзгерген нормативтер күнделікті түсіп отырады. Соның бәрін біліп, оқып отыруымыз керек», – дейді ол.

Асхат Мұратұлы институтты тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Павлодардағы Майқоңыр шекара заставасы бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен бастаған.

«Жастардың бойына патриоттық сезімді сіңіру, тәрбие, идеология ісімен айналыстым. Сол заставада ең бірінші болып «Шекарашының кішкентай досы» деген мектеп ұйымдастырдым. Ауыл-аудан мектептеріне барып, 6-7-8 сынып оқушыларына шекара қызметі туралы, бұл салаға келу үшін қайда оқуға түсуі керек екенін айтып, қызықтырып, бірге жұмыс істедік. Олар бізге көмекші болды. Ауылдан қандай да бір тәртіпсіздік, бейсауыт жүрген адамды байқаса бізге айтып отырды. 15 оқушым болған. Қазір солардың бесеуі – майор, подполковник атанып, лауазымын жоғарылатты. Павлодарда бір жыл еңбек еткен соң Алматы әуежайына ауыстым. Аға бақылаушы қызметінен бастап штаб бастығының орынбасарына дейін өсіп, подполковник шенін алдым. Әуежайда жолаушылардың құжатын тексеріп, шекаралық бақылау жүргізесің. Бақылау-өткізу бекетінде жұмыс істейтін, құжат тексеретін шекарашыларға ағылшын тілін бір кісідей білу қажет. Институтта да шекарашыларға ағылшын тілін оқытады. Халықаралық рейстермен келетін туристердің сұрағына жауап бере алатындай болуың керек», – дейді ол.  

Алматы әуежайында 13 жыл істеген ол Семей шекарасына ауысып, онда үш жыл еңбек етіп, кейін қазіргі жұмыс орны – Жетісу шекара қызметіне келеді.

«Қазіргі жұмысыма кіріскеніме 1,5 жыл болды. Қытаймен арадағы шекара шебінің нық болуына жауап береміз. Мұнда алты өткізу бекеті бар. Менің жұмысым таңғы сегіз жарымда басталып, кешкі алтыда аяқталғанымен, үнемі байланыста боламын. Телефон өшіруге болмайды. Тіпті демалыс, мереке, еңбек демалысы кезінде де байланыстамыз. Шекара қызметіндегілер тәулік бойы жұмыс істейді. Заставалардың өз жұмыс кестелері бар. 24 сағат шекараны күзетеміз. Біздің бақылау-өткізу бекеті таңғы сегізден кешкі жетіге дейін ашық болады. Нарядқа түсетін ауысым қызметкерлері екі тәулік сайын ауысып отырады. Жетіге дейін істейтін тек біздің Қытаймен шекара бекеттері ғана. Екі ел арасындағы келісім солай. Ал Бішкек, Ресей, Өзбекстанмен шекарадағы бақылау-өткізу бекеттері күндіз-түні жұмыс істейді», – дейді ол.

Шекараның қырағы қорғалуы – мемлекеттегі бейбітшілік пен тұрақты дамудың негізі. Шекара күзеткен әр сарбаз, әр офицер бұйрық түссе отбасын алып, елдің батысы мен шығысына, оңтүстігі мен солтүстігіне кете барады. Бір сәт босаңсуды көтермейтін мұндай қызметтің қиындығы да жетерлік.

«Мазасыз жұмыс қой. Шекараны заңсыз кескісі келетіндер қарап жатпайды. Олар үнемі құтылып кететін жол іздейді. Сондайда қапы қалмауымыз керек. Семейде Алматы – Новосібір, Алматы – Бішкек пойыздарынан көп есірткі ұстағанбыз. 35 келі, 80 келіге дейін тәркіледік. Қарбыздың ішінен есірткі шыққан. Талай қару-жарақ, әуежайдан басқа адамның құжатымен өтпек болғандарды, салық төлемейтін, екі жақтан зейнетақы алатын, екі азаматтығы бар адамдарды да ұстадық. Семейде қызмет етіп жүрген сондай күндердің бірінде жолда соқырішек болып, өзім ауруханаға барып, жатып, ота жасап, екі сағаттан кейін қайта жұмысқа кеткенмін. Жұмыста адам жоқ кез, 2011 жыл болатын. Ота жасатып келгенімді ешкім білмей қалды. Арасында осындай жағдайлар болып тұрса да,  халық үшін, елің үшін еңбек етіп жүргеніңді ойласаң қуанасың. Шекарашыға бірінші кезекте білім керек. Бес қаруы: ең жақын досы – иті, табелі, дүрбісі сай болуы қажет. Содан кейін тамағың тоқ, ұйқың қанық болса жеткілікті», – дейді кейіпкеріміз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары