Димаш

Димаш

Димаш.... Қазақ үшін осы есім ерекше ыстық. Бала кезімде әкемнің «Димекең, Димаш Ахметұлы» деп айтып отырғанына талай куә болғам... Бүгінде Дінмұхаммед Қонаев тарих төрінен, елінің жүрегінен орын алған ұлы перзенті. Кезінде қазақтың тағы бір баласы Мұстафа Өзтүрікпен Димаш ағамыздың үйінде болып, дастарқанынан дәм тату мен үшін зор мәртебе болғаны рас. ХХ ғасырда қазақ үлкен Димашымен мақтанса, ХХ1  ғасыр кіші Димашымен шаттанатын болды. 

Кез келген ел өзінің өнімімен, та­би­ғатымен, байлығымен, білім-ғы­лымымен, қаруымен, қарымымен мақ­танады. Ол – заңдылық. Әрине, біз де сол көштен қалғымыз жоқ. Онсыз да май­да-шүйдеге мақтанғыш біздің кеуде со­ғып қуанғымыз келеді.  Алайда қысқа жіп күрмеуге келмейді. Мемлекеттің эко­номикасы, ел-жұрттың еңсесі әлі кө­теріл­мей жүрген  өтпелі кезеңде бізге Құ­дай Димашты берді. Димаш – бренд. Хал­қының сүйікті ұлына айналды. «Ұлы» де­ген сөздің бұрын ескермеген, елемеген мә­нін енді терең түсініп жүрмін. «Ұлы» сөзі – баласы, ұрпағы, жалғасы, ертеңгі шаңы­рақ иесі деген ұғымды білдірсе, екін­ші мағынасы  ҰЛЫ – қайталанбас да­рын­ды, таланты өзгелерден көш ілгері, Елі­нің қамқоршысы, жоқтаушысы, жа­на­шыры, мақтанышы дегенге саяды.  Бір үй­дің, шаңырақтың, ата-ананың, әулет­тің ұлы болу бар да, Елінің, Ұлтының Ұлы болу бар. Ондай бақыт пенде біткеннің ба­­­ғына бұйырмасы тағы шын. Міне, біз­дің Димаш – Елінің сүйікті Ұлы болды. Димаштың арқасында төрткүл дүниедегі қыз-жігіт қазақша ән шырқап, Қазақстан деген мемлекетті, қазақ деген халықты та­ни бастады. Өз көшесінен басқаны біл­мейтін миллиондаған жанкүйер қауым Астана мен Ақтөбені картадан із­деп шарқ ұрды. Димаш концерт беретін қалалар мен  шаһарларға билет таппай жа­тады.  Димаштың суретін қолына ұста­ған, әлемнің әр түпкірінен оны кумир тұтқан аруларда есеп жоқ. «Димаш» деп айғайлап, жанұшыра жүгіріп жүрген қыздарды көргенде, қазақтың бағына біткен жұл­дызға Тәңір тілеулес болса екен деп күбір­лейсің. Әлемде Димашты пір тұтқан үл­кен фанклуб бар... Ол жай ғана Фан­клуб емес, жанклуб... Әншінің жанкүйер­лері... Олардың санын ешкім білмейді. Өйт­кені олар да Димаштан басқаны біл­гісі жоқ...
Бұл – өнердің құдіреті. Димаштың еңбегі. Еңбек екінің бірінде бар шы­ғар. Әркім өз ісінің шебері болғанға не жетсін?! Димаш тек еңбек етіп, маңдай те­рін төгіп жүрген жоқ, ол парасат-пайым иесі. Парасатты адамға Алла бе­ре­ді. Осын­дайда Асқар Тоқпанов айт­қан әң­гіме еске түседі.
Үлкен бір отырыста бұлбұл әнші Роза Бағ­ланова Бауыржан Момышұлынан: 
– Бауке,  айтыңызшы, ең мықты, ең атақ­ты әнші болу үшін қандай қасиет ке­рек? Дауыс па,  сұлулық па, репертуар ма, болмаса таныс-тамыр ма? – деп сұ­рап­ты. Батыр Баукең көзі аларып гүр ет­кен екен.
– Слушай!.. 
Алдымен мынау деп маңдайын, со­сын кеудесінің сол жақ тұсын, соңында ғана тамағын көрсеткен екен.
Аңыз болсын, ақиқат болсын, осы ес­­те­лікте үлкен пәлсапа жатыр. Адамға ең ке­регі әуелі – сана. Ал біздің Димашқа Тәңір сана берген. Оның миллиондаған адамды өзіне тартып тұратын құпиясы – осы парасаты. Атасынан, әжесінен көрген тәлімі. Өйткені ол – атасының баласы.
Айтбаев Мұғалжардың перзенті. Ма­мандығы инженер болса да, өнер дегенде ішкен асын жерге қоятын, оқығаны да, то­­қығаны да мол өте қарапайым және зе­рек кісі болған. Қашан көрсең ізеті мен сы­­пайылығынан айнымаған, кісілігіне кі­­шілігі жарасқан қарапайым кісі-тын. Құ­дайберген ақсақалдың ең үлкен еңбегі – Қанат пен Светаның өнерде көгеріп-көк­теуіне барын арнағаны. Сондықтан бала Ди­маш ес білгелі домбыраның үнімен есейіп, ертегіге елтіп өсті. «Ертегіге сен­беген баладан романтик шықпайды» де­­­­мекші, Димаштың ән-күйге ынтасы осы ата-әженің тәрбиесінен бастау ала­ды.
Димашқа дейін біздің әншілердің біразы, әсіресе, орысша оқығандар қазақ­ша ән айтудан ұялатын, қымсынатын, қор­ланатын. Орысша ән салып, ағыл­шын­­ша жырлағанда өнер биігіне шық­тым дейтін-ді... Димаш мұндай қараңғы түсініктің тас-талқанын шығарды. Қазір дүниенің түпкір-түпкірінде қазақша ән айтып, домбыра тартатындар, Димаш, Құдайберген есімді иеленген сәбилер көбейді. Өнер адамына  ана тілінде ән салудан артық бақыт жоқ екенін Димаш осылай дәлелдеп берді.
Самал тау, қайран елім, шалқар көлім,
Не болар солдат болып көрген күнім-ай.
Есіме қайта-қайта түсе бердің,
Кір жуып, кіндік кескен қайран елім... 
Әннің авторы кім екені белгісіз. Үміт Асайынова апайдың айтуынша, атасы Сұра­ған әншінің туындысы болса керек. Ол да мүмкін. Ерте ме, кеш пе, ән авторы та­­былуы мүмкін. Бізге қазір автордан бұ­рын әннің елге жеткені маңызды. 
ХХ ғасыр Адамзат үшін, әсіресе, қа­зақ­қа оңай болған жоқ. Қаншама боз­дақ­тар жат жерде шейіт болды.
Таңғы сәтте дүниені қара бұлт бас­қан мезетте сооонннаааауууу көктен бір тыл­сым үн естілген. Бұл әуенде ұлттың ғана емес, тұтас адам баласының жүрегін шар­пи­тын өзгеше зар бар.
Есіме қайта-қайта түсе бердің,
Кір жуып, кіндік кескен қайран елім. 
Міне, жас жігіттің арманы, мұңы, са­ғы­нышы... Қара шаңыраққа, туған жерге деген қимастық. Әлгі дауыс боз аспанды тесіп өтіп, бірте-бірте маңайды, жо-жоқ, мы­нау аппақ дүниені ағарта берген, әлде алыс­тан еміс-еміс естілген, сосын ғалам­ға Нұрын шашқан қасиетті Құранның ма­қамындай ма немесе ботасын жоғалт­қан боз інгеннің боздауы ма? Жо-жоқ, бұл ер азаматтың аһ ұрғаны. Өзі айдауда, қолы байлауда – басынан бағы тайған батырдың бастырылуы...
«Қаратаудың басынан көш келеді» за­рынан кейінгі азанама... Халықтың көз жасы... Біздің әнші әлемге белгісіз елінің мұңын, халқының зарын осылай тірілт­кен. Бұны көз жасы көл болған аналар мен арулардың, кемсеңдеген ақ сақалды қа­рия мен шырылдаған сәбилердің, ай­дал­ған, тоз-тоз боп тарыдай шашылған Алаш­тың реквиемі дерсің... Моцарттың, Бетховеннің емес. Қазақтың қазанамасы. Қазақтың жаназасы. Бұл еуропалық сим­фониялық оркестр емес, Димаштың дауысы.
Ия... бір Димаш – бір оркестр. Біздің Ұлан өткен өкінішті осылай әнмен өр­нек­теген.
...Баяғыда Ригадағы Домский соборда тың­даған концерт есіме түскен... Орган үні сонда мені басқа бір дүниеге жетелеп алып кеткен-ді. Бір сәт органға жамырай скрипкалар қосылып боздай жөнелгенде жадыма туған ауылым келген. Неге екені белгісіз, сол концерттен жылап шықтым. Көз жасымды танымайтын жандарға көр­сетуден ұялып, қонақүйге жаяу тарт­қам. Димаштың ән-әуезі сол шақты ерік­сіз еске түсірген. Жаса, Димаш... Аман жүр, алтын бала! Сен кешегі аталарың Ди­маш пен Бауыржанның, Ахмет пен Нұрғи­саның көзісің... Сен Сырым мен Махамбеттің жалғасы, Мұқағали мен Қадырдың мұңысың...
Димаш туралы жазу қиын. Өйткені ол қазаққа Құдай берген бала. Димаштың құ­пиясы неде деген сұрақ әлі талай музы­ка тарихында зерттеледі. Оның дауы­сын­да, үнінде өзге ешкімде болмаған диа­позон жайлы талайлар диссертация қорғайтын болады. Мұндай феноменнің Қа­зақтан шыққанына қимай қызға­на­тын­дар да, қызығатындар да болады. Оған гәп жоқ.
Дейтұрғанмен, Димаштың әні адам жа­нына Нұр құятынын жан жүрегіммен се­земін... Өзіңнің пенде емес, адам еке­нің есіңе түседі. Жақсы ән – жанның ра­хаты. 
Өткен ғасырда  қып-қызыл соғыс мен қан төгулер және аттарын та­рихта алтын әріппен жазған тұлғалар көп болды. Давид Бен Гурион,Уинстон Чер­чиль, Махатма Ганди, Нельсон Ман­дела, Кемал Ата Түрік, Альберт Эйнштеин, Чарли Чаплин, Федерико Феллини, Инг­мар Бергман, Салвадор Дали, Пабло Пи­кас­со, Габриель Маркес, Ульям Фолкнер, Антуан де Сент Экзюпери, Эрнест Хе­мун­гуэй, Франк Сенатр, Элвис Пресли, Майкл Джексон, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айт­ма­тов, Расул Ғамзатов, Олжас Сүлейме­нов, Пеле, Марадона және ән өнеріндегі трио – Энрико Карузаның ізбасарлары  Лучано Паворотти, Пласидо Доминго, Хосе Каррерас. Өнер білімнен сауаты бар кез келген  жан әлемнің осы тұлғаларын біледі. Үш аңыздың дауысы тарихта мәң­гіге жазылды. Жер бетінде үлкенді-кішілі мемлекеттер баршылық. Алайда тарихты жасайтындар Ғалымдар мен Дарындар. Тұлғалар! Қолы Таққа жеткендер емес, Бақ­қа жеткендер... Сол бақытты трио үш­тіктің біреуі бүгінде жоқ. Ол Лучано Паворотти. 
 Ал Пласидо Доминго Мадридтен шық­­қан Мұзтау әнші, аңыз адам. Лос Анд­­желестегі Опера театрын ашса ала­қа­нында, жұмса жұдырығында ұстаған Ұста. Хосе Карресас болса, Монсеррат Кабалье­мен ән шырқаған дарынның өзі. Бұл да аңыз адам. «Ат тұяғын тай басар» деген­дей, екі Ұлының қасына, міне, біздің Ұлан келіп қосылды.  Үшеуі бірге ән сал­ды. ТРИО қайта тірілді. Триоға осындай тыныс берген біздің Димаш. Димаш өзіне тең ағаларын осылай тапса, Ол екеуі дөң­геленген дүниеде  Димашты кездес­тір­ді. Маған бір сәт екі Тұлға қасиетті Өнер­ді Димашқа Аманат етуге жолыққан­дай көрінеді.
Баяғыда бір ән болған: «Мақтанса бү­гін мақтансын қазақ, Төбесі көкке ти­мей тұр аз-ақ» деген.
Иә, солай... Бүгін  біздің мақтанатын ша­ғымыз. Өйткені біздің төбеміз шыны­мен көкке тигендей. Өйткені оны тигіз­ген Димаш, Қазақты әлемге сүйгізген Димаш. Тарихта есесі кеткен Еліңді сен сонау Шың басына, Өнердің асқарына көтеріп жүрсің. Әлі де әлемге Қазақтың дом­бырасын, әнін, сәнін, мәнін, мәйегін, әдеті мен әдебиетін паш етеріңе мен се­нем. Өйткені сен Еліңнің көптен күткен, сағынып тосқан Ұланысың, Ұлысың!.. 
Самалтау, қайран елім, артта қалды
Адасқан өрісінен біз бір үйір-ай...
Тағы да жеті көк аспаннан бір әуен ес­­­тілген. Таныс әуез, таныс үн. Құдды анам­ның өлеңіндей, сағынып салған әнін­дей, апамның дауысындай...
Көк жүзінде  қыран құс қанатын жайып ұшып барады. Тынысы кең. Кеудесін кере дем алады. Мақсаты нақ, межесі  айқын. Төменде көзге түсер тө­белер, таулар, жылғалар,  жыралар. Ор­мандар, ой шұқырлар. Қыран бүркіт  маңайына көз тастап алға самғайды, асығар емес... Өйткені алда оны тосқан Ұлы істер тұр. Не дейсіз ғой? Ол құпия. Өмір­дің құпиясы. Қыранның құпиясы...

Талғат ТЕМЕНОВ,
кинорежиссер, 
Қазақстанның Халық әртісі

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары