Мемлекет басшысының туризмді экономикалық өсудің маңызды қозғаушы күштерінің бірі ретінде дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің ғана емес, бүкіл Түркі әлемінің туристік картасында жаңа бейнесін қалыптастырып жатыр.
Өңірдің табиғи және мәдени әлеуеті бірегей: бұл – ұлы ойшылдардың туған жері, әлемдік деңгейдегі археологиялық жаңалықтар ашылған мекен, сондай-ақ зерттеушілер, суретшілер мен саяхатшыларды баурайтын орталық. Туризмді дамытуда негізгі назар тарихи орындарды қайта жаңғыртуға, мәдени мұраны заманауи тұрғыдан жаңаша түсіндіруге, инфрақұрылымды жаңартуға және халықаралық серіктестікті нығайтуға аударылып отыр.
11–17 тамыз аралығында Солтүстік Қазақстан облысында туризм, мәдениет, білім және жастар саясаты салаларында бірқатар халықаралық іс-шаралар өтеді. Бағдарлама Айыртау ауданы мен Петропавл қаласын қамтиды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шаралар аясында халықаралық суретшілер симпозиумы, мәдени-танымдық экскурсиялар, шеберлік сабақтары және өңірлік әлеуетті ашуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға бағытталған шығармашылық кездесулер ұйымдастырылмақ.
Жиынға Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Венгрия, Моңғолия, Якутия, Татарстан, Башқұртстан, Ресей, сондай-ақ Кабардин-Балқариядан шетелдік делегациялар, сарапшылар, жастар көшбасшылары мен түрлі елдердің кәсіби мамандарының қатысуы күтіледі.
Ботай феномені: археологиядан өркениетке жасалған қадам
Ботай қонысы – біздің дәуірімізге дейінгі IV–III мыңжылдықтарға жататын энеолит дәуірінің, дәлірек айтсақ, мыс-тас ғасырының бірегей ескерткіші. Археологтердің айтуынша, дәл осы жерде адамзат алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, көшпенді өмір салтының негізін қалаған.
Бұл жаңалық тек Қазақстан тарихы үшін ғана емес, барша әлемдік өркениет үшін бетбұрыс болды. Жылқының қолға үйретілуі адамзат дамуының жаңа кезеңін бастап, Ұлы дала мәдениетінің қалыптасуына жол ашты.
Симпозиум — мәдени диалог алаңы
Биыл өтетін симпозиумға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Венгрия, Моңғолия, Якутия, Татарстан, Башқұртстан, Ресей және Қабардино-Балқариядан суретшілер, этнографтар, тарихшылар және туризм мамандары келіп жатыр.
Негізгі іс-шаралар
Халықаралық семинар-тимбилдинг «Ботай — Ұлы дала мәдениеті» (13 тамыз, Никольско-Бурлук ауылы)
Қатысушылар ежелгі ботайлықтардың тұрмысымен танысып, аңшылық әдістерін, тұрғын үй үлгілерін, этнографиялық қойылымдарды көреді. «Nomad» каскадерлік тобы тарихи шайқас көрінісін сахналайды. Археологиялық қазба жұмыстарына Ботай мәдениетінің алғашқы зерттеушілерінің бірі, профессор Андрей Плешаков жетекшілік етеді.
Суретшілер пленэрі (12–16 тамыз, Имантау–Шалқар аймағы және Петропавл)
Халықаралық деңгейдегі суретшілер табиғат аясында, тарихи орындарда жұмыс істеп, өңірдің пейзажы мен мәдениетін бейнелейді.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференция (14 тамыз, Петропавл, Оқушылар сарайы)
Ғалымдар Ботай мұрасының археологиялық, мәдени және философиялық қырларын талқылайды.
Көрме ашылуы (16 тамыз, «Ботай» арт-галереясы)
Симпозиум аясында жазылған картиналар ұсынылады.
Ботай — Түркі әлемінің ортақ қазынасы
Симпозиум тек мәдени іс-шара ғана емес, бұл – сонымен қатар Түркі әлемі елдерінің ғылыми және рухани ынтымақтастығын нығайтатын платформа. Мұндай ауқымды жоба Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасын сақтау қорының қолдауымен жүзеге асып отыр. Қор президенті Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, «Ботай — біздің тамырымызды, бірлігімізді және мәдени кодымызды айқындайтын ортақ мұрамыз».
Тарих пен туризм тоғысқан жер
Ботай қонысының халықаралық деңгейде насихатталуы өңір туризмін дамытуға серпін бермек. Археологиялық ескерткіштер, табиғи ландшафттар, этнографиялық реконструкциялар мен мәдени іс-шаралар шетелдік туристерді тартуға мүмкіндік береді. Бұл – Солтүстік Қазақстанның жаңа туристік бренді.
Ботай тек археологиялық ескерткіш емес, ол – бүкіл Түркі өркениетінің бастауы, Ұлы даланың рухани паспорты. Оның тарихын тану – өткенімізді бағалау, болашағымызды айқындау. 2025 жылғы халықаралық симпозиум осы құндылықты әлемге паш ететін маңызды қадам болмақ.