Биыл 300 мың қазақстандық газбен қамтылады — Энергетика министрлігі

/
Биыл 300 мың қазақстандық газбен қамтылады — Энергетика министрлігі
gov.kz

Газдандыру — ауылдағы өмір сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың маңызды тетігі. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірлерде белсенді жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Алматы облысындағы Шарын ауылында ұзындығы 64 км болатын газ құбырының құрылысы аяқталып, 1 200-ден астам үйге, мектепке, ауруханаға, балабақшаға және әкімшілік ғимараттарға газ қосылды. Ташқарасу және Бахарқ ауылдарында құрылыс жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жақын арада тағы 978 үй мен әлеуметтік нысандар газға қосылады.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмалары және Қазақстанды 2030 жылға дейін газдандырудың Бас сызбасы аясында «QazaqGaz» ұлттық компаниясымен жүзеге асырылуда. Бүгінде Алматы облысында 1,2 миллионнан астам тұрғын немесе өңір халқының 77%-ы табиғи газға қол жеткізіп отыр. Облыста 373 елді мекеннің 157-сі, соның ішінде бес қала толық газдандырылған. Газ желілерінің жалпы ұзындығы 4 200 км-ден асады, ал жылдық тұтыну көлемі – 200 млн текше метр.

Жалпы, Қазақстан бойынша газдандыру деңгейі 62,4%-ды құрап отыр. Бұл дегеніміз – 20,2 млн халықтың 12,6 миллионы табиғи газға қол жеткізген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға жоғары. 2024 жылы 4 000 км-ден астам газ құбыры салынып, 93 жоба іске асырылды. Биыл тағы 77 жобаны аяқтап, 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары