«Баспана салып, елге қуаныш сыйлау да бақыт» – «Құрметті құрылысшы» төсбелгісінің иегері

/
«Баспана салып, елге қуаныш сыйлау да бақыт» – «Құрметті құрылысшы» төсбелгісінің иегері
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Елімізде тамыздың екінші жексенбісі Құрылысшылар күні атап өтіледі. Орталық коммуникациялар қызметі таратқан мәліметке сенсек, сәулетшілер, инженерлер мен дизайнерлер, сырлаушы-сылақшылар мен әрлеушілер, бетоншылар мен тас қалаушылар – бәрін қосқанда қазір 53 мың компанияда шамамен 648 мың маман жұмыс істейді екен.  Кәсіби мереке қарсаңында Turkystan.kz сайтының тілшісі «ASTI» ЖШС құрылыс компаниясының қызметкері Мағауия Тәкеновпен аз-кем сөйлескен еді.

«Өзім – Ақмола облысы Ақкөл ауданына қарасты Кеңес ауылының тумасымын. Мектеп бітірген соң болашақ мамандығым ретінде құрылыс саласын саналы түрде таңдадым. Теміртаудағы құрылыс институтына оқуға түсіп, ол оқу орнын 1989 жылы тәмамдадым. Содан соң арнайы жолдамамен Екібастұздағы мемлекеттік аудандық электр стансасының құрылысына араласуға жіберді. Онда мастер болып жұмыс істедім. Содан кейін отбасылық жағдайыма байланысты Петропавл қаласына қоныс аудардым. Агроөнеркәсіп басқармасында еңбек еттім. Кейін құрылысшыларды баптап шығаратын кәсіби-техникалық училищелерде куратор болдым. Одан кейін туған жерім – Ақкөлге келіп, совхозда құрылысшы болып істедім. Кірпіш қалау, бетон құю сияқты қара жұмыстың бәрін істедім. 2006 жылы Астанаға көшіп, құрылыс саласындағы бірнеше фирмада еңбек еттім. Қазір өзім жұмыс істеп жатқан «ASTI» ЖШС-ға 2018 жылы келдім. Әуелде прораб болып жұмысқа тұрдым. Қазір – учаске бастығымын. Бүгінде №72 мектепті кеңейтіп,  қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл объектіні былтыр желтоқсанда бастағанбыз, бұйырса алдағы желтоқсанда аяқтаймыз», – дейді Мағауия Серікұлы. 

Мағауия Серікұлы құрылысшы тек қара күштің көмегімен жасалатын жұмыс емес екенін алға тартады. Аспанмен тірескен биік үйлер мен зәулім ғимараттар салуға жауапты маманның бойында дәлдік, нақтылық, есепке жүйріктік секілді қасиет болуға тиіс екенін айтады.

«Біздің жұмыс – үздіксіз. Жұмыссыз отырып қалған кезіміз болған емес. Қысы-жазы құрылысты тоқтатпаймыз. Жаздың ыстығы, қыстың суығында да кірпіш қалаушылар кірпіш қалап, бетоншылар бетон құю жұмыстарын істей береді. Прорабтың негізгі міндеті – жұмысты ұйымдастыру. Құрылысшыларға не істеу керек, қалай істеу керек екенін көрсетіп, технологиясын түсіндіреді, журнал толтырып, құжаттармен жұмыс істейді. Ал мастердің міндеттері онікінен азырақ. Мастер тек жұмысшыларды бақылайды, жұмысты қадағалайды. Учаске бастығы бәрін бақылайды, прорабтың үстінен қарайды. Құрылыс алаңында қандай мердігер жұмыс істеп жатыр, соның бәріне жауапты. Жұмыс сапасын тексереді. Аптасына алты күн жұмыс істейміз. Сенбі немесе жексенбі күні прораб екеуміз кезектесіп демаламыз. Жұмыс таңғы сегізде басталып, кешкі сегізде аяқталады. Бір сағат түскі ас ішеміз, сонда толық 11 сағат жұмыс істейміз», – дейді ол.

Кейіпкеріміздің құрылыс саласында жүргеніне биыл – 36 жыл. Осы жылдар ішіндегі еңбегі еленіп, былтыр «Құрметті құрылысшы» медалін де алыпты.

«Жұмысымның жауапкершілік жүгі зілдей. Жұмыс алаңында бірдеңе дұрыс істелмей қалса, бәріне жауап бересің. Ал кірпіш қалаушылар мен бетон құюшылардың жұмысы шынымен де ауыр. Сол себепті де олар құрылыс саласында көп істей алмайды. Жас кезінде 15 жыл істер, алайда зейнетке дейін істей алмайды. Дегенмен жыл өткен сайын технология дамып, құрылыс саласы жеңілдеп келеді. Болашақта құрылыс жұмыстары да жеңілдейді деп ойлаймын. Құрылысшы негізінен құрметті  мамандық қой. Адамзат тұрғанда бұл мамандық өлмейді, құрылыс нысандары салына береді. Сондықтан жастар бұл саладан қашан да нәпәқасын таба алады. Тек бір мәселе қынжылтады. Халыққа үй, оқушыларға мектеп салып бергенімен, құрылысшылардың өздері үйсіз. Көпшілігі пәтер жалдап тұрады. Себебі жалақысы жетпейді. Құрылысшылардың ең басты мәселесі осы – баспана мәселесі. Сөйтсе де бұл жұмыстың ең ұнайтын жері – адамдарға баспана салып беріп, қуаныш сыйлаймыз. Сондықтан да осы жұмысыммен мақтанамын. Себебі күн сайын адамдарға жақсылық жасап жүргенімді жадымда ұстаймын», – дейді ол сөз соңында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары