Мемлекет басшысы 2022 жылғы Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың 95 пайызын жақсартып, жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтауды тапсырған болатын. Ауқымды жоспарға бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Арада өткен 3 жыл ішінде не өзгерді? Өңірлердегі көрсеткіш қандай? Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр? Осы және өзге де көкейкесті сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Танзанияның жолы бізден тәуір
Еліміздің бір өңірінде жаңадан асфальт төселіп жатса, келесісінде жолдың ойқы-шойқысы шығып жатады. Көктем шықса, жол сапасына шағым айтушылар көбейіп, жол жүру азапқа айналады.
Жол – экономиканың күретамыры ғана емес, халықтың тұрмыс сапасының көрсеткіші екенін ескерсек, Президенттің жол сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмасы – жай ғана инфрақұрылым емес, ел болашағына жасалған инвестиция. Ал бұл жұмыстың қалай орындалып жатқаны әрқайсымыздың өміріміз үшін маңызды екені айдан анық.
Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 2022 жылдың соңына дейін шамамен 1 000 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланғанын, қалған 3 мың шақырым жолды 2023 жылы аяқтау көзделіп отырғанын мәлімдеген болатын.
– Көліктік-транзиттік әлеуетті дамыту автомобильдің транзиттік дәліздер арқылы қамтамасыз етіледі. Бүгінде еліміздегі 8 автомобильді транзиттік дәліздің жалпы ұзындығы 13 мың шақырымды құрайды. Қазір республикалық желі бойынша нормативтік жағдайда 90 пайыз жол, жергілікті желі бойынша 80 пайыз жол бар. Биыл жалпыға ортақ пайдаланылатын 11 мың шақырымнан аса автожолда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деген болатын Қ.Өскенбаев.
Министр 2022 жылға республикалық бюджеттен автожол саласын дамытуға 603 млрд теңге бөлініп, ал 2024 жылға дейін 4 мың шақырым жол желісі салынатынын айтты. Ведомство сол кездің өзінде жергілікті жолдардың 80 пайызы, жергілікті маңызы бар жолдардың 18 мың шақырымында немесе 26 пайызында ғана асфальт-бетон жабыны бар екенін, ал қалған 74 пайызы қиыршық тас, топырақпен жабылғанын мәлімдеген еді. Мұны Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі де растаған. Қазақстан жол сапасы бойынша 141 елдің ішінде 93-орында екен. Тіпті, Кения мен Танзания елдері бізден жоғары тұр.
Жолы нашар аймақтар
2022 жылы «ҚазАвтоЖолға» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға 113 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Ал сол жылы еліміздегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 91 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болған. Мәселен, 2021 жылы бұл көрсеткіш 90 пайыз болыпты.
Жолдардың сапасы бойынша Жетісу облысы көш бастап тұр, онда жолдардың 99 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Сонымен қатар Павлодар (96,5 пайыз) және Түркістан (95,2 пайыз) облыстары бар.
Ал былтыр Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстандағы ең жаман жолдар Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында екенін айтты.
– Осыған байланысты біз Батыс Қазақстанға басқа өңірлерге қарағанда көбірек қаржы бөліп отырмыз. 2024 жылғы дерек бойынша, Батыс Қазақстанда жолдардың нашарлығы 36 пайызды құрайды. Биыл басты жолдардың құрылысы бітеді. Соны қосқанда, өңірде 52 пайыз жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жетеді. Ал өңірдегі жаман жол 48 пайызды құрап отыр, – деген болатын министр былтыр.
Осы күні жергілікті жолдар бойынша нормативтік үлесі жақсы өңірлер қатарында Жамбыл (98 пайыз), Маңғыстау (97 пайыз) және Павлодар (94 пайыз) облыстары бар. Ал нормативтік үлесі нашар өңірлер қатарын Атырау (76 пайыз), Ақтөбе (75 пайыз) облыстары «толықтырып» отыр. Елімізде жолының нормативтік жағдайы 50 пайыздан сәл ғана асатын аймақ та бар, ол – Батыс Қазақстан (52 пайыз) облысы.
Алайда биыл жыл басында Үкімет отырысында «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев Қазақстанда жолдардың сапасы жақсарғанын мәлімдеді.
– Жалпы, 2023-2024 жылдардағы нәтижелерді салыстырсақ, жолдардың сапасы бойынша оң өзгеріс байқалады. 2023 жылы жергілікті желіні қамту 89 пайызды құраса, 2024 жылы 99 пайызға дейін жетті. Сәйкес келмейтін жол-құрылыс материалдары мен ақаулар 16 пайызға азайды. Сапасыз жұмыстарды қайта құру 5 пайызға дейін төмендеді. Диагностика қорытындысы бойынша орташа жөндеу жұмыстары есебінен жол жабынының тегістігі 5 пайызға жақсарды. Аталған көрсеткіштер уақытылы қабылданған шешімдердің арқасында нәтижесін берді, – деп атап өтті Болатбек Айтбаев.
Кемшілік неден?
Жол сапасының нашар болуы – жай ғана техникалық кемшілік емес, ол жүйелі әрі көпқырлы мәселе. Мамандардың пікірінше, жол құрылысы – елдегі ең былыққа батқан сала. Келісімшартқа қол қойғанда пара ұсыну, заңсыз кәсіпкерлікке қамқорлық жасау, кемшілікке көз жұмып, шара қолданбау, мемлекеттік сатып алу кезінде қазынаға қол сұғу қалыпты құбылысқа айналған. Осы ретте біз еліміздегі жолдардың сапасыз салынуының бірнеше себебіне тоқталғымыз келеді.
Біріншіден, сапасыз жобалау мен арзан тендер. Жол құрылысына мердігер таңдау тендер арқылы өтеді. Ал қазіргі жүйе бойынша ең төмен баға ұсынған компания жеңімпаз болады. Бұл мердігерлерді үнемдеуге мәжбүрлейді. Мердігер арзан материал алады, жұмыс күшін де аз айлыққа жалдайды. Ал тәуелсіз техникалық аудит іс жүзінде атымен жоқ немесе қағаз жүзінде жүргізіледі. Мемлекеттік қабылдау актілерін мердігерге жақын компаниялар рәсімдейді. Әрине, мұндай жағдайда сапа туралы сөз қозғаудың өзі артық па дерсің...
Екіншіден, қаражат дұрыс бөлінбейді. Тіпті, кейде қаржы жетіспеушілігі емес,
бар қаржының дұрыс бөлінбеуі, жоспарланбауы – басты кедергі. Жол салуға бөлінген ақша аймақтар арасында тең бөлінбейді немесе бюрократия кесірінен кешеуілдейді. Нәтижесінде, бір облыста жол салынып жатса, екіншісінде жоба әлі басталмайды.
Үшіншіден, бақылау тек қағаз жүзінде жүргізіледі. Мәселен, техникалық бақылау жасайтын инженерлер бірден бірнеше жобаға қол қойып отырады. Олар тіпті кейде құрылыс нысандарын араламайды, жұмыстың қалай жүріп жатқанын көзбен көрмейді. Құжат бойынша жол сапалы, бірақ іс жүзінде шұрқ-тесік. Бұл қадағалау жүйесінің қағаз жүзінде ғана бар екенін көрсетеді. Жалпы, жол салу кезінде сапаны бақылау арнайы бес сатыдан өтеді. Олар – тапсырыс беруші, мердігер, техникалық қадағалау, жоба авторы және Жол активтерінің сапасының ұлттық орталығы. «Мемлекеттік жоспарлауда жиі кездесетін қате – сандық межеге ұмтылу, ал сапа екінші кезекте қалады. Жол саласында бұл – орташа жөндеу жұмыстарына «жақсарды» деген статус беру. Бірақ мұндай жөндеу – уақытша, көп жағдайда келесі көктемде қайта бұзылады. Бұл – қаржының желге ұшқаны», – дейді сарапшылар.
Төртіншіден, климат пен ауыр жүк көліктері. Еліміздің климаты күрделі: қыста аяз, жазда ыстық, көктемде су. Асфальт жиі жарамсыз болып қалады. Оған қоса, рұқсат етілген салмақтан бірнеше есе ауыр жүк көліктері жолды ерте бұзады. Өйткені салмақты бақылау пункттері барлық жерде жоқ.
Бесіншіден, білікті кадрлар тапшы. Жол инженері, құрылысшы, сапа сарапшысы сынды мамандар жетіспейді. Кейде жол құрылысына қатысы жоқ компаниялар немесе кадрлар жобаға тартылып жатады. Бұл сапаға тікелей әсер етеді.
Алтыншыдан, битум мен материал қат. Мемлекет басшысы: «Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс» деген болатын. Жол сапасы битумға тікелей байланысты. Ал Қазақстанда жол битумының тапшылығы жыл сайын 200 мың тоннаға жетіп отыр. Соңғы 3 жылда 70-тен астам шенеунік жауапқа тартылған. Мердігермен жең ұшынан «жалғасу», сапасыз жолды қабылдап алу – осы саладағы «жүйелік ақаудың» көрінісі.
Былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол құрылысы саласындағы жемқорлық қатері бойынша талдау жүргізіп, соңғы бірнеше жылда шығын миллиардтаған теңгеге жеткенін мәлімдеген болатын.
Ведомство ақпараты бойынша, соңғы 3,5 жылда 64 жемқорлық құқық бұзушылық тіркеліп, 70 адам әшкереленген, 38 адам сотталған. Ал келтірілген залал сомасы 8,8 млрд теңгеге жеткен. Көбіне парақорлық, жымқыру, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану сынды қылмыс түрлері тіркелген.
Агенттіктің ресми өкілі Данияр Бигайдаров осыған дейін жол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүріп жатқанын хабарлаған еді. Ел бойынша 217 учаске қамтылған. Ал 12 ауқымды жоба агенттіктің ерекше бақылауында.
– Талдау барысында бірқатар құқық бұзушылық анықталды. Бүгінгі күні қажетсіз қайталама жұмыстарды, күтпеген шығыстарды, оның ішінде сметалық пайданы қосу есебінен сметаны асыра бағалауға байланысты жүйелі жемқорлық тәуекелдері 15 өңірде анықталды және ол шамамен 6,9 млрд теңгені құрады, – деген болатын Данияр Бигайдаров.
Агенттік биыл жыл басында жол құрылысына бөлінген 11 млрд теңге талан-таражға түскенін мәлімдеді. Жол құрылысы саласында жоспарлаудан бастап жұмысты қабылдауға дейін 1 200-ден астам жемқорлық тәуекелі анықталған. Жобалар қолмен тексерілгендіктен, құжаттарда құрылысқа жұмсалатын қаржы еселеніп көрсетіліп келген. Осындай айла-тәсіл қолданған 600-ге жуық факті әшкереленген.
Жол сапасы бойынша нормативтік үлесі нашар өңірлердің бірі – Атырау. Облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, бұл салада көптеген жемқорлық тәуекелі анықталған. Ең маңыздыларының қатарына лауазымды тұлғалар мен мердігерлік ұйымдар арасындағы мүдделер қақтығысы, мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде жекелеген компанияларға артықшылықтар беру, жобалау-сметалық құжаттамаға негізсіз қосымша шығындар, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде аффилиирленген компаниялармен шарттар жасасу жатады.
– Талдау нәтижесінде 14 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жою бойынша 22 ұсыным жолданды. Алайда іс-шаралардың орындалу мерзімі өтсе де, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тиісті ұсынымдарды орындап жатқан жоқ, – деп атап өтті Ерұлан Серікқалиев.
Жемқорлық – бюджетке ғана емес, халықтың мемлекетке деген сеніміне жасалған соққы. Жол үшін бөлінген қаржы ұрланған болса – бұл қылмыс. Мемлекет тарапынан бұл салада жүйелі ашықтық пен бақылау орнамайынша, кез келген стратегиялық тапсырма қағаз жүзінде ғана орындала бермек.
Жол сапасы – жұрт амандығы
Жөнделмеген жол – ыңғайсыздық тудырғаннан бөлек, адам өміріне қауіпті. Республикалық маңызы бар жолдарда апат та жиі болады.
– Жол көлік оқиғаларының көбеюі тікелей жол сапасына байланысты. Ғылым саласында мұны төрт бағытта бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, жол жүргізушісінің жол апатының орын алуына қатысы қаншалықты? Екіншіден, апаттың болуына сол көліктің техникалық жағдайы, ақауы қаншалықты ықпал етті? Үшіншіден, жол бетінің сапасы қандай? Төртіншіден, қоршаған ортаның, табиғат құбылыстарының әсері болды ма? Жеке зерттеуім арқылы статистикалық мәліметтерден білгенім, байқағаным Қазақстан автожол апаттарының туындауына 95-98 пайыз жағдайда тікелей жүргізуші кінәлі. Ар жағындағы 2-5 пайызына қалған үш фактор әсер етеді екен. Атап айтқанда, жол сапасының талапқа сай болмауы, жол күтімінің төмен болуы, көліктің техникалық ақаулары және табиғи құбылыстар, – дейді техника ғылымдарының докторы, профессор Әбді Қиялбаев.
Ғалымның айтуынша, Германия, Фин-ляндия секілді дамыған елдердің өзінде жол апатына 30-35 пайыз жағдайда жол күтімі әсер етеді. Ал Қазақстан секілді жол инфрақұрылымы бойынша енді тәжірибе жинап келе жатқан ел жол апатына тек жүргізушіні кінәлайды.
– Жаңадан салынған жолдың бетінде де ақаулар болады. Алдымен жарық пайда болады, кейін сол жарықтар шұңқырға айналады. Жаңбыр, қар суымен асфальт құрамы өзгеріп, шұңқыр үлкейе түседі. Жол өркештеніп кетеді немесе ыдырай бастайды. Осындай жол ақауы бар жерде біз қалай жол апаты тікелей көлік жүргізушісінің кінәсінен деп айтамыз? – дейді профессор.
Жоспар орындала ма?
Президенттің жергілікті жолдардың 95 пайызын жақсартып, жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау туралы тапсырмасы жыл соңына дейін орындала ма? Осы сұрақты Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетіне жолдаған болатынбыз.
– Бүгінде еліміздегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 70 мың шақырым. Соның ішінде 89 пайызы немесе 62,3 мың шақырымы нормативтік жағдайға келтірілген. Биыл жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы 3,3 мың шақырым жергілікті жолды қамту көзделген. Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 91 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын 100 пайызға дейін нормативке сәйкестендіру мақсатында бүгінгі күні бұл көрсеткіш 93 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 94 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін қайта жаңарту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жергілікті жол желісі бойынша 2022 жылы нормативке сәйкестік деңгейі 85 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 89 пайызға жетті. Жыл соңына дейін жергілікті жолдардың 91 пайызын нормативтік жағдайға жеткізу көзделіп отыр. 95 пайыздық меже бойынша жұмыстар жалғасуда. Аталған жұмыстар үшін республикалық трансферттер мен өңірлік бюджеттер есебінен қаржыландыру көздері қарастырылған. Осылайша, республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын сапалы әрі толық нормативке сәйкестендіру бағытындағы жұмыстар нақты жоспарға сай жүйелі түрде орындалып жатыр, – деп жауап берді комитет.
Президент жергілікті жолдарды жақсартумен қатар жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтауды тапсырған еді. Автомобиль жолдары комитеті жол құрылысы сапасына бақылау күшейтіліп, заңбұзушылықтардың алдын алу және анықтау мақсатында кешенді инспекциялық жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
– Жол ғылымы, ғылымның басқа салалары сияқты ұзақ уақыт бойы отандық стандарттарға байланысты болды. Қолданыстағы стандарттарды қайта қарау туралы шешім қабылданғаннан кейін жол құрылысында ғылыми көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттілігі туындады. Министрлік техникалық қадағалау институтын күшейтудің маңыздылығын толық түсінеді. Осы мақсатта сапа бақылау жүйесін реформалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта тапсырыс беруші мен мердігермен байланысы жоқ тәуелсіз сарапшының міндетті түрде қатысуын көздейтін жаңа тетік енгізілуде. Сонымен қатар анықталған ақаулар, ескертулерді жою жылдамдығы және пайдалануға берілген нысандардың сапасы туралы объективті деректер негізінде мердігер ұйымдардың цифрлық рейтинг жүйесі әзірленуде. Келісімшарттардың орындалу тарихы мен тексеріс нәтижелері көрсетілген ашық мердігерлер тізілімінің енгізілуі – жұмыс үдерісінің ашықтығын арттырып, нарықта жүйелі түрде адал емес қатысушылардың жолын кесуге мүмкіндік береді, – деп хабарлады ведомство.
Жалпы, автомобиль жолдары саласындағы техникалық қадағалау жол салу, қайта жаңарту, күрделі және орташа жөндеу жобаларын іске асыру кезінде жобалық, технологиялық және нормативтік талаптардың сақталуын жүйелі бақылауды қамтиды. Техникалық қадағалаудың негізгі міндеттеріне: жол-құрылыс жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасын қамтамасыз ету; құрылыс нормалары, стандарттары мен технологиялық процестердің бұзылуын болдырмау; орындалатын жұмыстар көлемінің, мерзімінің және сапасының бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін бақылау; анықталған ауытқулар, бұзушылықтар мен ақаулар туралы тапсырыс берушіні жедел түрде хабардар ету жатады.
Техникалық қадағалау инженерлері жобаны іске асырудың басынан аяғына дейін нысанда тұрақты болуға, әр кезеңді тиісті түрде құжаттап, мониторинг жүргізуге міндетті. Алайда тәжірибе барысында бірқатар жүйелі мәселелер анықталған. Атап айтқанда, инженерлердің құрылыс алаңдарына бармауы, қадағалау жұмыстарын «қағаз» жүзінде әрі жауапкершіліксіз атқаруы, жол саласына қатысы жоқ мамандарды тарту, азаматтық және жол құрылысындағы жобаларды қатар алып жүру. Мәселен, 2023 жылы Абай облысында бір инженер бір уақытта 28 нысанға бекітілсе, Астана қаласында 4 инженер 40-тан астам жобаны қадағалаған. Сонымен қатар бір инженердің бірнеше өңірде немесе әртүрлі ұйымдарда қатар тіркелген жағдайлары кезіккен, бұл заңнама талаптарына қайшы келеді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан да заңбұзушылықтар тіркелген, кейбір жобалар іске асырыла бастаған соң ғана инженерлік қызметтермен келісімшарттар жасалған немесе мүлде жасалмаған.
– 2024 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 15,1 мың инспекциялық тексеру жүргізілді, оның ішінде республикалық желі бойынша – 5,1 мың, жергілікті желі бойынша – 10 мың. Сапасыз жұмыстарды жою бойынша мердігерлер есебінен 3,9 млрд теңгеге қайта құру жұмыстары атқарылды (республикалық желі – 2 млрд тг, жергілікті – 1,9 млрд тг). 2025 жылдың 7 айындағы жағдай бойынша 6,3 мың инспекциялық тексеру жүргізілді: республикалық желі – 2,6 мың, жергілікті желі – 3,7 мың. Осыған орай, техникалық қадағалау жүйесін реформалау аясында шаралар қабылданды. Атап айтқанда, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР заңына өзгерістер енгізілді. Бұдан былай техникалық қадағалауды жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттеу жөніндегі екінші санаттағы рұқсаттар тізбесіне автомобиль жолдарына арналған жеке мамандандыру енгізіледі. Бұл жол саласының ерекшеліктерін ескеруге және жобалардың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР заңына да өзгерістер енгізілді. Автомобиль жолдарындағы техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар мемлекеттік қызметтерді орындайтын тұлғаларға теңестірілді, бұл олардың құқық бұзушылықтар мен әрекетсіздік үшін жеке жауапкершілігін арттырады. KazRoadLab жүйесінде «Ұлттық сапа орталығы» РМК базасында техникалық қадағалау инженерлерінің электрондық тізілімі құрылды. Бұл жүйе бір маманның бірнеше нысанда немесе әртүрлі ұйымдарда бір мезгілде жұмыс істеу фактілерін автоматтандырылған түрде қадағалауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, инженерлік қызметтердің жұмысы ашық әрі есепті бола түседі. Автомобиль жолдары бойынша міндетті аттестаттау енгізу мәселесі пысықталуда, ол үшін тиісті бейінді білімі мен жұмыс тәжірибесі талап етіледі. Осыған байланысты 2014 жылғы 27 қарашадағы Ұлттық экономика министрінің №114 бұйрығына өзгерістер жобасы әзірленді, онда техникалық қадағалауды жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау жүйесі аясында көлік қызметі бойынша жеке мамандандыру енгізу көзделген, – деп жауап берді Автомобиль жолдары комитеті.
P.S: Жол – бұл экономика ғана емес, әлеуметтік әділеттің де көрінісі. Баланың мектепке жетуі, жедел жәрдемнің уақытылы келуі, кәсіпкердің тауарын сату мүмкіндігі – бәрі жол сапасына тәуелді. Президент тапсырмасы нәтижелі болу үшін мемлекет қаржыны аймақтар арасында әділетті бөліп, мердігерлік жүйені реформалап, тәуелсіз аудит пен қоғамдық бақылауды енгізіп, сыбайлас жемқорлыққа нақты тосқауыл қоюы қажет. Қазір бізге әдемі асфальттан бұрын, әділетті басқару керек болып тұр. Өйткені жолдардың сапасы – осы басқарудың нақты көрсеткіші.