Түркістан облысында уылдырық цехы іске қосылды

/
Түркістан облысында уылдырық цехы іске қосылды
gov.kz

Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аталған бағыттағы жобалардың бірі – «БозСу Балық Шаруашылығы» жеке кәсіпкерлігі.

Кәсіпкер Олжас Әбдіжаппарұлы басшылық ететін бұл жоба 4,8 гектар жер телімінде жүзеге асырылуда. Былтыр кәсіпкерлік нысаны 1 миллион амур шабағын су айдынына жіберіп, нәтижесінде 4 тонна балық өнімі алынды.

Биыл шабақ саны 3 миллионға дейін ұлғайып, олардың 600 мың данасы сатылымға шығарылды. Қалған шабақтардан қосымша 10 тонна балық өнімі алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, инкубаторлық цех іске қосылып, алғашқы кезеңде 20 келі уылдырық өндірілді.

Келесі жылы бұл көлемді 100 келіге дейін ұлғайту жоспарлануда. Кәсіпорында қазіргі таңда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, қауіпсіз еңбек жағдайымен және тұрақты жалақымен қамтамасыз етілген.

Ірі жобалардың қатарында «Көшім» шаруа қожалығы да бар. Жалпы аумағы 76,2 гектарды құрайтын шаруашылықты Райс Көшімұлы басқарады. Мұнда балық өсірумен қатар, балық өңдеу цехын ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Қожалық жылына 32 тонна балық өндіріп, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Ауданда балық шаруашылығымен қатар, өндірістік бағыттағы жобалар да қолға алынған. Соның бірі – «Керуен» өндірістік цехы. Гүлсім Абдурахманова жетекшілік ететін бұл жоба үй-тұрмыстық химия өнімдерін шығару бағытында жұмыс істейді. Бүгінгі таңда кәсіпорын жылына 700-800 тонна өнім шығарады. Цехта 15 адам жұмыспен қамтылған.

Жалпы Келес ауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан бұл жобалар ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, экономиканың әртараптандырылуына және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары