«Қылқындырған, тістеген»: Ақтаудағы балабақшада 1,5 жасар бала соққыға жығылған (ФОТО)

/
«Қылқындырған, тістеген»: Ақтаудағы балабақшада 1,5 жасар бала соққыға жығылған (ФОТО)
istockphoto.com

Ақтаулық әйел 1,5 жасар қызы балабақшада 40 минут бойы басқа баланың зорлық-зомбылығына ұшыраған, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Камила Кабиева есімді тұрғынның айтуынша, қызы Асия Сұлтанбай Ақтаудың 14-шағын ауданында орналасқан жеке балабақшаға барады.

Анасының айтуынша, қызын ұрып, қылқындырып, тістеген.  Сол кезде тәрбиеші бөлмеде болмаған.

– Оқиға 5 тамыз күні сағат 15:00 шамасында болған. Бірақ біз бұл туралы тек кешке, баланы алып кетуге барғанда білдік. Ешқандай қызметкер бізге хабарласпады. Бейнебақылау жазбасын қарап отырып, баламды 40-50 минут бойы басқа бала ұрып, тістеп, қылқындырғанын көрдім. Қызым қатты жылап жатты, алайда қасында ешқандай тәрбиеші болмаған, – дейді анасы.

Оның айтуынша, жазбаны көрген соң ол бірден балабақша басшылығын, полицияны және зиян келтірген баланың ата-анасын шақырған.

– Олар маған арыз жазбауды өтінді. Егер күтуші тек 5-10 минутқа шыққан болса, бәлкім, мен арызданбас едім. Бірақ ол 50 минутқа жуық болмаған! Осы уақыт ішінде менің балам зорлыққа ұшырап, жылаумен болды. Тәрбиеші қайда болды? Не істеп жүрді? Балабақша директоры жай ғана кешірім сұрады. Бірақ бұл жеткілікті ме? Мұндай немқұрайдылыққа жол берген қызметкер неге жауапқа тартылмайды? Қызым тірі қалғаны – бір жақсылық. Ал егер оны тұншықтырып өлтіргенде ше? – деп ашынады Камиланың өзі.

Анасының айтуынша, қыздың басында көп тістелген іздер қалған. Қазір баланың жағдайы толық тексеріліп жатыр, компьютерлік томография жасалып, нәтижесі күтілуде.

Сол түні қыздың құрысып қалғанын айтқан Камила Кабиева денсаулығына қатысты асқынулар болуы мүмкін деп қатты алаңдап отыр.

– Мен полицияға арыз жаздым. Ертең адвокатыммен бірге прокуратураға да жүгінемін. Полиция бөліміндегілер істі әкімшілік баппен жүргізуді жоспарлап отырғандарын айтты. Алайда мен балабақша қызметкерлеріне қатысты ҚР ҚК-нің 140-бабы (кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғалуын талап етемін, – деді ол.

Білім басқармасының баспасөз қызметі қазір оқиғаның барлық мән-жайы мұқият зерттеліп жатқанын, тексеру аяқталған соң ресми жауап берілетінін хабарлады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары