8 тамызда Жерге кейінгі екі айдағы ең күшті магнит дауылы жетеді. Бұл туралы Ресей Ғылым академиясының Қолданбалы астрономия институты жанындағы Күн астрономиясы зертханасы мәлімдеді. Ортаық мәліметінше, 5 тамызда болған М4.4 санатты күн жарқылы нәтижесінде тасталған плазмалық бұлт бастапқыда Жерге тікелей бағытталмағанымен, кейінгі есептеулер оның жоғары жылдамдықтағы ядросы Жердің магнит өрісіне жанама соққы беретінін көрсеткен. Осыған байланысты геомагниттік әсер күшейіп, магниттік дауыл күтілгеннен де қарқынды болады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Плазма бұлты 8 тамыз күні Жерге жетеді деп болжанып отыр. Осы сәтте геомагниттік белсенділіктің Kp индексі 6 деңгейге дейін көтерілуі мүмкін. Бұл 13 маусымнан бергі ең жоғары көрсеткіш. Мұндай деңгейдегі геомагниттік дауыл солтүстік ендіктердегі энергетикалық жүйелерге әсер етіп, ғарыштық аппараттардың қозғалыс траекториясын өзгертуі мүмкін. Сонымен қатар, радиотолқындардың таралуына да ықпал етеді, бұл байланыс пен навигация жүйелерінде уақытша ауытқулар тудыруы ықтимал.
Жағдайды күрделендіретін тағы бір фактор 8 тамызға қараған түні Жердің үлкен тәждік тесіктің ықпал аймағына енуі. Бұл құбылыс геомагниттік фонды күрт әлсіретіп, дауыл салдарын шамамен бір аптаға дейін созуы мүмкін. Дегенмен, ғалымдар ескерткендей, егер плазмалық бұлттың бағыты алдын ала есептелген траекториядан бар болғаны 3–5 градусқа ауытқыса, дауыл мүлде болмай қалуы да ықтимал. Сондықтан нақты әсері бұлттың нақты бағытына байланысты болады.
Мамандардың айтуынша, мұндай геомагниттік құбылыстар табиғи процесс саналады және Жер мен Күн арасындағы күрделі өзара әрекеттің бір бөлігі болып табылады. Алайда олар денсаулығына сезімтал адамдарға ерекше сақтық танытып, қажет болса медициналық кеңес алуға кеңес береді. Сонымен қатар, спутниктік байланыс пен навигациялық жүйелердің уақытша тұрақсыздығына дайын болу қажет.