Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан аумағында заңмен тыйым салынған бейнематериалдарды дайындап, таратқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл топ «модельдік агенттік» деген атаумен еліміздің 10-нан астам қаласында, соның ішінде Өскеменде де веб-кам студиялар ашып, ашық трансляциялар жүргізіп отырған. Олар 18 бен 25 жас аралығындағы қыздарды жұмысқа тартып, айына 2 миллион теңгеге дейін табыс табуға болады деп уәде берген.
Арнайы жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ұйымдастырушылардың 1 миллиард теңгеден астам кіріс тапқаны анықталды.
Тінту кезінде 120-дан астам компьютер, веб-камера, жарықтандыру құрылғылары және басқа да техникалар тәркіленді.
Қазір бұл іске қатысы бар 14 адам ұсталды. Олардың қатарында осы бизнесті ұйымдастырған негізгі тұлғалар да бар. Тергеу аяқталуға жақын.
Полиция интернет арқылы ұсынылатын «жеңіл табысқа» сақтықпен қарауға шақырады. Егер жұмыс ресми тіркелмеген болса немесе заңға қайшы белгілері байқалса, мұндай әрекеттерден бас тартуға кеңес береді.