Солтүстік Қазақстанда білім бөлімінің бухгалтері 40 млн теңге жымқырған

/
Солтүстік Қазақстанда білім бөлімінің бухгалтері 40 млн теңге жымқырған
istockphoto.com

Айыртау ауданының Білім бөліміне жүргізілген тексеру барысында мекеме бухгалтерінің бюджет қаражатын жүйелі түрде ұрлағаны анықталды , деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол 2021 жылғы қаңтар мен 2024 жылғы сәуір аралығында ауданның білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жалақы ретінде жалпы сомасы 39,8 млн теңгені заңсыз аударған. 

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 2024 жылғы 11 маусымда аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. 

Айыртау аудандық сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы үкімімен бөлімнің бухгалтері жоғарыда аталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік және қаржы ұйымдарында 7 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді. 

Мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді.

Сонымен қатар, 2024 жылы енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің негізінде бөлім басшысы жол берілген бұзушылықтар үшін атқарып отырған қызметінен босатылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары