Қоғамдық дәретханада лас еденде ұйықтап жатқан балалардың суреттері БАҚ-қа жарияланған соң, әкімдік өкілдері отбасының тұрмыс жағдайын тексерді. Пәтердегі ахуал адам айтқысыз дәрежеде қорқынышты болып шықты. Егер балалардың анасы осы жағдайды түземесе, оларды отбасынан алып қою мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Lada.kz басылымына сілтеме жасап
Ақтау әкімдігінің мәліметінше, 4 тамыз күні әкімдік өкілдері қоғамдық дәретханада ұйықтап жатқан балаларға қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратты тексеріп, балалардың жағдайымен танысу үшін оқиға орнына барды. Тексеру нәтижесінде, балалар бірнеше жылдан бері қолданыстағы әлеуметтік бағдарламалар аясында мемлекеттен жан-жақты көмек алып келе жатқан отбасында тұратыны анықталды.
Балалардың анасы – жалғызбасты. ол жетім ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған және сол кезек арқылы пәтер алған. Отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Балалардың әжесі аталған қоғамдық дәретханада ресми түрде кассир болып жұмыс істейді. Әкімдік мәліметінше, анасы балаларын бірнеше күн бұрын әжесіне қалдырған.
Әкімдік қызметкерлері балалардың анасы тіркелген мекенжайға да барған.
Пәтердегі тұрмыс жағдайы алаңдатарлық: санитарлық талаптар сақталмаған, есіктері сынған, балаларға тиісті назар аударылмаған. Тексеру кезінде балалар ол жерде болмай, тәтесінің үйінде жүрген. Айта кету керек, тәтесі де жетім ретінде мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алған. Қазіргі уақытта балалар сол үйде.
Қамқоршылық және қорғаншылық органдары отбасымен кездесіп, тексеру жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын өткізді. Балалардың анасы оларға өзі күтім жасап, жауапкершілік алуға дайын екенін мәлімдеді. Осыған байланысты балалар апта соңына дейін уақытша анасының қарауына қалдырылды. Егер осы уақыт ішінде тиісті күтім көрсетілмегені анықталса, балаларды отбасынан уақытша алып қою мәселесі қаралады.
Ақтау әкімдігі мемлекет тарапынан бұл отбасыға барлық қажетті қолдау көрсетілгенін атап өтті: тұрғын үй берілген, әлеуметтік төлемдер тағайындалған, негізгі қызметтерге қол жеткізу қамтамасыз етілген. Алайда барлық көрсетілген қолдауға қарамастан, отбасы мүшелерінің бірқатары бейәлеуметтік (маргиналды) өмір салтын ұстанып отыр. Бұл балалардың амандығы мен әл-ауқатына кері әсерін тигізуде.
"Әкімдік азаматтарды ата-аналық және отбасылық жауапкершілікке саналы түрде қарауға шақырады. Мемлекеттік көмек – бұл қолдау, бірақ ол жеке жауапкершілікті алмастыра алмайды", — делінген Ақтау қаласы әкімдігінің хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтаудың алаңдаған тұрғындары 15А шағынауданындағы жағалауындағы қоғамдық дәретханада еденде ұйықтап жатқан балаларды көргенін айтқан. Сондай-ақ, сол жерде жұмыс істейтін кассир әйелдің алкогольдік мас күйде болғаны мәлім еткен.