Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні жыл сайын 28 шілдеде аталып өтеді. Бұл күн бүкіл әлемде гепатитке қарсы күрестің маңызын еске салу үшін белгіленген. 2016 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) С гепатитін 2030 жылға дейін жоюды көздейтін жаһандық стратегияны іске қосты. Қазақстан осы бастаманы жүзеге асыруда Орталық Азия мен ТМД елдері арасында көшбасшылардың бірі болып отыр.
Вирустық гепатиттер – жаһандық денсаулық сақтау саласындағы басты мәселелердің бірі. ДДҰ мәліметінше, бұл инфекциялар өлім-жітім бойынша 2- орында тұр. Жыл сайын 1,3 миллионға жуық адам қайтыс болады, бұл – тәулігіне 3 500 адам деген сөз. 2022 жылы әлемде В гепатитімен 254 миллионнан астам, ал С гепатитімен 50 миллионға жуық адам ауырған. Ауырғандар саны жыл сайын өсіп келеді. В гепатитіне жыл сайын 1,2 миллионға жуық, ал С гепатитіне шамамен 1 миллион адам шалдығады екен.
Қазақстанда 2024 жылы «Д» есебінде В гепатитімен тіркелгендер саны – 33 462, ал С гепатитімен – 35 984 адам. Жаңа тіркеуге алынғандар бойынша, В гепатиті – 5 360, С гепатиті – 8 470 адам. Жыл қорытындысы бойынша 400 мыңдай адамға гепатитке қарсы зерттеу жүргізілген, 30 мыңнан астам азамат ем қабылдаған.
2023 жылы елімізде вирустық гепатитке шалдығу деңгейі әр 100 000 тұрғынға шаққанда 10,23 жағдайды құрады. А, В және С гепатиттерінің кейбір түрлерінің өсу үрдісі байқалды.
2025 жылы өтетін «Гепатитпен күрес: кедергілерді жоямыз» кампаниясы осы аурумен күресте тиімді шаралар қабылдауға кедергі болатын факторларды жоюды көздейді. Бұл – вакцинация, қауіпсіз медициналық процедуралар және бауырға зиян келтіретін әрекеттерден бас тарту секілді кешенді тәсілдерді қажет етеді.
Қазір гепатит В-ға қарсы сенімді вакцина бар және ол аурудың дамуын 95 пайыз жағдайда болдырмайды. Бұл вакцина сонымен бірге гепатит D-ға қарсы да қорғаныс береді. С гепатитіне келсек, оны толық емдейтін тиімді дәрі-дәрмектер де қолжетімді.
1998 жылдан бері Қазақстанда жаңа туған сәбилерге перзентханаларда гепатитке қарсы екпе жасалады. Сонымен қатар, ел аумағындағы гепатологиялық орталықтарда скрининг жүргізіледі. Маман дәрігерлердің қазіргі басты міндеті – аурудың алдын алуға бағытталған іс-шараларды дамыту.
Елімізде бауырдың созылмалы ауруларын емдеуге арналған арнайы медициналық көмек толық көлемде ұсынылады. Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі гепатиттің алдын алу, ерте анықтау және емдеуге ерекше көңіл бөліп отыр. Халық арасында ақпараттандыру шаралары, аурудың таралуына жол бермеу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша кең көлемді ағартушылық жұмыс жүргізіле бермек.
Гепатит – бауыр тінінің қабынуы. Ол А, В, С, D және Е вирусы арқылы таралады. Әсіресе В және С гепатиттері өлім-жітімге әкеп соғады. Олар жыл сайын 1,3 миллион адамның өмірін қияды.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі әрбір азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, уақытылы тексеруден өтіп, гепатиттен қорғаудың қолжетімді әдістерін пайдалануға шақырады.
А.БИМЕНДІ