Шымкентте жүргізуші куәліктерін заңсыз рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қалалық прокуратураның ақпаратынша, 2023–2024 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-ның №2 мамандандырылған ХҚКО басшылығы мен қызметкерлері теориялық және практикалық емтихандарсыз жүргізуші куәліктерін рәсімдеуге жағдай жасаған.
«Мұндай «қызметтің» құны 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін жеткен.
Нәтижесінде кемінде 500 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған. Қылмыстық топтың табысы 150 миллион теңгеден асқан.
Тергеу барысында күдіктілердің 200 миллион теңгеден астам мүлкіне тыйым салынды.
Іс бойынша 15 тұлға айыпталушы деп танылған. Тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды», – делінген хабарламада.