Кәрім Мәсімовтің 10 қылыш, айбалта, әшекей бұйымдары сатылымға шығарылды

/
Кәрім Мәсімовтің 10 қылыш, айбалта, әшекей бұйымдары сатылымға шығарылды
Фото: электронды сауда сайтынан

ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің үйінен алынған қымбат бұйымдар аукционға қойылды, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.

Аукционға қойылған заттар:

зергерлік бұйымдар мен бижутерия – 15 дана, жалпы сомасы 139 мың теңге;

сувенирлік монеталар мен қаламдар – 32 дана, жалпы құны 8,6 млн теңге;

былғары белбеу мен қару-жарақ бұйымдары – 26 дана, жалпы құны 6 млн теңге.

Барлық активтердің жалпы бастапқы бағасы – 14,8 млн теңге.

Атап айтқанда, "Montegrappa Italia" жазуы бар қалам 628 мың теңгеге, ал Viskonti Firenze маркалы сувенирлік қалам 575 мың теңгеге сатылымға қойылды.

Сонымен қатар, Elizabeth II бейнесі бар, үстінде кенгуру мен айдаһар суреті бейнеленген алтын монеталарды да алуға болады. Олардың бағасы сәйкесінше 1,3 млн теңге және 3 млн теңге.

Аукционға 10 қылыш та шығарылды. Ең қымбат қылыштар 1,1 млн және 1,3 млн теңгеге бағаланған. Бір қылыштың жүзінің ойығына сары металдан жасалған күрделі өрнекті қаптама орнатылған. Қылыш жүздері болаттан жасалған.

Лоттар арасында Кәрім Мәсімовке сыйға тартылған «Айбалта» балталары да бар. Олардың бірінде сыйға тартушылардың есімдері мен естелік күні қашалып жазылған.

Сондай-ақ, қолжетімді лоттар да кездеседі. Мысалы, 22 мың теңгелік әшекей жиынтығы.

Барлық заттар Кәрім Мәсімовке тиесілі мүлік тізіміне кіреді.

Аукцион 15 тамызда сағат 10:00-де өтеді. Қатысуға ниетті кез келген адам E-Qazyna платформасында тіркеліп, кепілдік жарнасын енгізіп, белгіленген мерзімде өтінім беруі қажет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары