2025 жылғы 23 шілде күні таңғы сағат 6:30 шамасында Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында жалпы білім беретін мектеп-гимназияның акт залының төбесі құлады. Билік өкілдерінің мәліметінше, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.
Алдын ала бағалау бойынша, құлаған төбенің ауданы 250 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта оқиға орнында сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Техникалық тексеру жүргізіліп, құлаудың себептері анықталуда. Қауіпсіздік мақсатында мектеп аумағына кіруге уақытша тыйым салынған.
Мән-жайды анықтау үшін құзырлы мемлекеттік органдардың қатысуымен ведомствоаралық комиссия құрылды. ҚР ҚК 278-бабының 2-бөлігі «Ғимараттар, құрылыстар немесе олардың бөліктерін пайдалануға қабылдау немесе пайдалануға рұқсат беру кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Мектеп-гимназия 2009 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілген және 1 200 оқушыға есептелген. Алдын ала мәлімет бойынша, ғимарат апатты жағдайда болмаған.
Оқиға орнына Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов барып, зақымданған залды қарап, жағдаймен жеке танысты.