Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева республикалық «Айқын» газетіне сұхбат беріп, кинематография саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына тоқталды.
Аида Балаева соңғы уақытта «Қазақфильмге» қатысты түрлі қауесет пен сыни пікір жиілеп кеткенін атап өтті. Министрдің айтуынша, бұл мәселеге нүкте қойылатын кез келді.
«Біз «Қазақфильмнің» бұрынғы даңқын қайта қалпына келтіріп қана қоймай, оның жаңаша дамуына, тұрақты өркендеуіне тікелей мүдделіміз. Қазірдің өзінде нақты қадамдар жасалып жатыр. Заңнамалық деңгейде мемлекеттік киноқаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын «Қазақфильмге» бағытталатын тетік енгізілді», – деді министр.
Министрдің мәліметінше, 2025 жылы киностудияға 336 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, қосымша қаржыландыру жүйесі де кеңейіп жатыр. Кино түсіруге ниетті азаматтар өз жобасы мен қаржысының белгілі бір пайызын, мысалы, 50 пайызын алып келсе, «Қазақфильм» қалған қаражатты бөліп, бірлесіп жұмыс істейді. Бұл ретте мемлекет қаржысының қайтарымы болуы үшін прокаттағы табысқа екі тарап та мүдделі болады. Министр кино жобаларды іріктеу рәсімдерінің ашықтығы мен әділдігін арттыруға ерекше назар аударылатынын да атап өтті.
«Мемлекеттік қаражат сараптаудан өткен, лайықты деп танылған туындыларға ғана бөлінеді. Сарапшылар құрамы жаңартылып, іріктеу критерийлері нақтыланды. Бұл – жүйенің жетілу жолындағы маңызды өзгерістердің бірі», – деді ол.
Сонымен қатар, «Қазақфильм» ұлттық фильмдердің халықаралық деңгейде танылуына да күш салып жатыр. Шетелде ұлттық кино күндерін өткізіп, «Еуразия» халықаралық кинофестивалін ұйымдастыру бағытында белсенді жұмыс істей бастады. Киностудия алғаш рет өзін-өзі ақтайтын деңгейге жетті. Бұл – басқару сапасының артқанын білдіреді.
Аида Балаева киностудияның қазіргі басшылығына қатысты сындарға да жауап беріп, бұл кезеңде ұжымды шығармашылық тұлға емес, кәсіби менеджер басқаруы керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі басшы қысқа уақыт ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді, алайда оның жұмысына қатысты негізсіз сындар әлі де айтылуда.
Сұхбат барысында министр питчингке келіп түскен өтінімдердің саны артқанын да сөз етті. Бұл жас таланттардың көбейгенін білдіреді. Енді жобаның идеясына ғана емес, оның прокаты мен мемлекеттік қаржының қайтарымына да басымдық беріледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға қарай кинопрокаттағы ұлттық фильмдердің үлесін 35%-ға дейін жеткізу көзделген.
2024 жылы мемлекеттік қаржыландыру аясында 16 ұлттық фильм прокатқа шықты, биыл 6 фильм көрсетілді, жылдың соңына дейін тағы 10-ға жуық картина көрерменге жол тартпақ.
Сұхбат соңында министр шығармашылық қауымдастық өкілдерін кәсібилік пен ашықтыққа шақырды.
«Мәдениет дау-дамайдың емес, тың идея мен ауызбірліктің алаңы болуы керек. Егер біз халықаралық деңгейде мойындалатын кино жасағымыз келсе, ең алдымен, өз ішімізде әділеттілікке, тәртіпке және ортақ жауапкершілікке үйренуіміз керек», – деді министр.
Мәдениет және ақпарат министрлігі отандық киноны тұрақты қолдауды жалғастырады, мақсат – елде бар әлеуетті жүйелі түрде қолдап, оған жол ашу.