Қостанайда таяқ жеген дәрігердің жағдайы белгілі болды

/
Қостанайда таяқ жеген дәрігердің жағдайы белгілі болды
istockphoto.com

Пациенттен таяқ жеген хирург-уролог Антон Кистанов қазір Астанадағы Жедел медицина орталығында ем қабылдап жатыр. Жағдайы жақсарған, жансақтау бөлімінен неврология бөліміне ауыстырылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Пациент санитарлық авиация желісі бойынша «жабық бас-ми жарақаты, мидың ауыр дәрежелі соққысы, мидың оң жақ жарты шарына субдуралды қан құйылуы және желке сүйегінің сынуы» диагнозымен жеткізілді. Қазіргі таңда оның жағдайы оң динамика көрсетіп отыр. Пациент есін жиған, сөйлей алады, айналасын таниды», – деп хабарлады Қостанай облыстық ауруханасының баспасөз қызметі.

Аурухана мәліметінше, пациентке хаттамаға сәйкес дәрі-дәрмекпен ем тағайындалған.

Бұған дейін дәрігерге шабуыл жасаған күдікті екі айға қамауға алынғаны хабарланған. Денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін ол 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске салайық, 17 шілде күні Қостанай облыстық ауруханасында пациент хирургқа шабуыл жасаған болатын. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, облыс тұрғыны операцияда болған хирургты күтіп отырған. Дәрігер келгеннен кейін ер адам кезегін күтуден бас тартып, жұдырық ала жүгірген. Нәтижесінде хирург есінен танып қалған – ол ауыр хәлде жансақтау бөліміне жеткізілді. Кейін оны санитарлық авиациямен Астанаға, Жедел медицина орталығына жіберу туралы шешім қабылданған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары