Алматыда пәтерден ес-түссіз жатқан ер адам табылды

/
Алматыда пәтерден ес-түссіз жатқан ер адам табылды
istockphoto.com

20 шілде күні сағат 20:32-де №31 үйдің кіреберісінен күйік иісінің қатты сезілуіне байланысты алаңдаған көршілер 101 құтқару қызметіне қоңырау шалған.

Өрт сөндірушілер шақырту түскеннен кейін 3 минут ішінде оқиға орнына жетіп, түтіннің ошағы бес қабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтерден шыққанын анықтады. Пәтер есігі жабық болған, ал есік саңылауларынан улы түтін сыртқа шығып жатты. Көршілердің ішінде ешкім жоқ дегеніне қарамастан, №9 өрт сөндіру бөлімінің 4-караулы бензоқұралдың көмегімен есікті бұзып ашты.

«Ашылған пәтердің табалдырығынан өрт сөндірушілер ес-түссіз жатқан егде жастағы ер адамды тапты. 50 жастағы үй иесіне алғашқы шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, таза ауаға шығарылып, дәрігерлерге тапсырылды. Белгілі болғандай, түтін тұрмыстық заттардың жануынан пайда болған және 5 шаршы метр аумақты шарпыған. Ер адам түтінге уланып, шыға алмай есінен танып қалған. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығу себебі – шылым шегу сияқты әлсіз тұтану көзі», – деді ҚР ТЖМ өкілдері.

Көршілердің қырағылығы мен өрт сөндірушілер жолында кедергілердің болмауы адам өлімінің алдын алуға мүмкіндік берді. Қазір зардап шеккен азамат дәрігерлердің бақылауында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары