Дәстүрлі әнші, халық әртісі Айгүл Қосанова "Мамский әңгіме" подкастында қонақта болып, балалық шағы, алғашқы ұстаздық қадамы, өнер жолы мен отбасылық өмірінің ең шынайы сәттері туралы сыр шертті, деп хабарлайды turkystan.kz sinside.kz-ке сілтеме жасап.
"Сіз жаңа жолдасымның жасы менен үлкендеу деп айттыңыз. Жас айырмашылығы – 14 жас. Бұл құпия емес шығар. Оның үстіне, жолдасыңыздың осының алдында отбасы болған екен, екі баласы бар екен. Сіз 25-тесіз, ол кісі 39-да, бұрынғы отбасы бар. Осы нәрселер сізге қиын болмады ма?", – деп сұрады тележүргізуші.
"Әрине, өзінің қиындығы болды. Бәрі керемет деп айтуға болмайды. Қазақтың "тең-теңімен, тезек қабымен" деген керемет сөзі бар ғой. Осы мәселені анам көп айтқан. "Есік көргенді емес, бесік көргенді ал" деген сөз бар. Бұл менің тағдырым шығар деп қабылдаймын. Қазір әріптестерім: "Бұрын оқып жүрген кезде, Айгүл, сен бізге қарамайтынсың. Саған жақындау мүмкін болмады", – дейтін. Олар өздері кішкене қорқақтық танытқан шығар. Осы тұрғыдан менің жолдасым пысықтау болды. Осы бағытта өзіне мақсат қйоып, жұмыс істеген шығар деп ойлаймын", – деп жауап берді Айгүл Қосанова.