Елімізде мұғалімдерге 4 млн теңгеге жуық сыйақы беріледі

/
Елімізде мұғалімдерге 4 млн теңгеге жуық сыйақы беріледі
istockphoto

Қазақстанда ұстаздарды қолдау мақсатында "Үздік педагог" байқауы басталды. Жеңімпаздарға 1000 АЕК (3,9 млн теңге) көлемінде мемлекеттік сыйақы қарастырылған, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі.

Жарысқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатыса алады.

Конкурс үш кезеңнен тұрады:

1-кезең – аудандық, қалалық деңгей (8-25 шілде);

2-кезең – облыстық деңгей (28 шілде- 15 тамыз);

3-кезең – республикалық деңгей (18 тамыз – 18 қыркүйек).

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған педагогтер республикалық деңгейге өтеді. Байқауға қатысуға өтінімдерді қабылдау, тіркеу, конкурс құжаттарын тапсыру, бағалау uzdikustaz-nobd.edu.kz веб-порталында жүзеге асырылады.

iАйта кетейік, "Үздік педагог" Республикалық конкурсы – 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі байқау.

"Үздік педагог" атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжаттарды тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер үміткер бола алады. Олар – балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері.

Байқауға қатысу туралы қосымша ақпаратпен Оқу-ағарту министрлігінің сайтынан танысуға болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары