Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жыл жиған зейнетақысын мүгедек баласы бар аналарға берген қарияға қажылыққа жолдама сыйлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Павлодарлық 94 жастағы Сағадат Жұмабаев бірнеше жыл зейнетақысын жинап, паспорт алып, қажылыққа тыңғылықты дайындалған. Алайда денсаулығы сыр беріп, Меккеге бара алмапты.
"Анам 32 жыл бұрын қайтыс болды. Сағынамын, жиі ойлаймын. Содан мүмкіндігі шектеулі балалардың анасына көмегім болсыншы деп жиған ақшамды берген едім", - дейді Сағадат ата.
Айта кетері, Сағадат Жұмабаев Павлодар қаласындағы қарттар үйінде 13 жылдан бері тұрып келеді. Өкінішке қарай, атаға қамқор болар туыстары, балалары жоқ.
Сағадат ата жиған 3 600 000 теңгені мүгедек бала асырап отырған 30 анаға бөліп, әрқайсысына 120 000 теңгеден көмек көрсеткен.
Бұл игі істен хабардар болған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сағадат Жұмабаевқа қажылық сапарға жолдама сыйлады.
Жолдаманы Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы Сағадат атаға арнайы барып табыс етті.