"Көбісі ауыратынын білмейді": Сілекей арқылы тарайтын вирус қатерлі ісік қаупін 5 есе арттыратыны анықталды

/
"Көбісі ауыратынын білмейді": Сілекей арқылы тарайтын вирус қатерлі ісік қаупін 5 есе арттыратыны анықталды
сурет: istockphoto.com

Әлемдегі ең кең таралған вирустардың бірі – Эпштейн-Барр вирусы (EBV) – адамды өмір бойы ағзасында сақталып, қатерлі ісіктің жаңа түрлерін туындатуы мүмкін. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігі жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

EBV вирусы көбіне сілекей арқылы тарайды және көп жағдайда адамда ешқандай симптом тудырмайды. Дегенмен, кейбір адамдарда бұл вирус мононуклеоз туғызады. Вирус ағзада өмір бойы сақталып қалады.

Ғалымдар бұған дейін Эпштейн-Барр вирусының лимфома және сирек кездесетін жұтқыншақ қатерлі ісігіне себеп болуы мүмкін екенін білген. Бірақ жаңа зерттеу вирус пен басқа да онкологиялық аурулар арасындағы байланысты алғаш рет анық көрсетті.

Nature Communications журналында жарияланған зерттеу нәтижесі бойынша, EBV жұқтырған адамның бірнеше жылдан кейін қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығы 5 есе жоғары болады. Бұл – медицина саласындағы елеулі жаңалық, себебі EBV бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамда бар, олардың көпшілігі мұны білмейді де.

EBV – симптомсыз өтетін, бірақ ағзада өмір бойы «тығылып» жататын вирус. Ол адамның иммундық жүйесіне әсер етіп, жасушаларда өзгерістер туғызуы мүмкін. Дәл осы өзгерістер кей жағдайда обырға (рак) алып келуі ықтимал.

Зерттеушілер Қытайдың оңтүстігінде өмір сүретін 74 мыңға жуық адамды 10 жыл бойы бақылаған. Сол кезең ішінде 1 990 адамның қатерлі ісікке шалдыққаны анықталған. Ғалымдар әр қатысушының қанын талдай отырып, Эпштейн-Барр вирусына (EBV) қарсы антиденелердің бар-жоғын тексерген. Бұл антиденелер ағзаның вирустармен күресетін ақуыздық қорғаныс жүйесі, және олардың болуы адам бұрын вирус жұқтырғанын көрсетеді. Зерттеу барысында EBV-ға қарсы антиденелері бар адамдардың кейін қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығы әлдеқайда жоғары болғаны анықталды. Бұл EBV вирусының жылдар бойы ағзада қалып, жасушалық өзгерістерге себеп болуы мүмкін екенін дәлелдей түседі.

Мамандардың айтуынша, бұл жаңалық инфекциялық аурулар мен онкология арасындағы байланысты тереңірек зерттеу қажеттігін көрсетеді. Сондай-ақ, ерте анықтау, вакцина жасау және ағзаны ұзақмерзімді қадағалау секілді алдын алу шаралары басты назарға алынуға тиіс.

«EBV жай ғана жұқпалы вирус емес, ол жасырын түрде қатерлі ісікке бастайтын фактор болуы мүмкін. Біз бұл бағытта зерттеуді күшейтуіміз керек» – дейді зерттеу авторлары.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары