Танымал футболшы жол апатынан қаза тапты

/
Танымал футболшы жол апатынан қаза тапты

Испанияның солтүстік-батысындағы Самора провинциясында қайғылы жол-көлік оқиғасынан «Ливерпуль» футбол клубының және Португалия ұлттық құрамасының ойыншысы Диогу Жота 28 жасында көз жұмды, деп хабарлады turkystan.kz сайты Marca басылымына сілтеме жасап.

Оқиға бейсенбі күні таңертең болған. Жота көлікте өзімен бірге болған 26 жастағы інісі Андре Силвамен бірге сапарда жүрген. Андре Силва Португалияның екінші дивизионында ойнайтын «Пенафиел» клубының ойыншысы болған. БАҚ мәліметінше, көлік жолдан шығып кетіп, кейіннен отқа оранған. Оқиға орнына келген медициналық қызмет өкілдері екі адамның қаза тапқанын растады.

Айта кетейік, Диогу Жота небәрі бір күн бұрын ғана өзінің үйленгені туралы хабарлап, әлеуметтік желіде тойдан фото және видео жариялаған. Ол сүйіктісі Руте Кардозомен 2013 жылдан бері бірге болып, үш баланы тәрбиелеп отырған.

Диогу Жота 2020 жылдан бастап «Ливерпуль» сапында өнер көрсетіп, 182 матч өткізіп, үш трофей жеңіп алды. Бұған дейін ол «Вулверхэмптон», «Порту», мадридтік «Атлетико» және «Пасуш де Феррейра» клубтарында ойнаған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары