Грузияның Батуми қаласында 8-12 жас аралығындағы кадеттер арасындағы өткен FIDE World Cup 2025 турнирінде қазақстандық жас шахматшылар 2 медаль жеңіп алды, деп хабарлады turkystan.kz.
Алиша Бисалиева (Астана) – 8 жасқа дейінгі қыздар арасында алтын жүлдеге ие болды! Финалда қарсыласын екі партияда қатарынан жеңіп, чемпион атанды.
Адинур Адильбек – 8 жасқа дейінгі ұлдар арасында қола медаль жеңіп алды. Ол үшінші орын үшін матчта FID өкілі Богдан Калининді 1½:½ есебімен жеңді.
Ал 10 жасқа дейінгі санатта Иман Набиев (Қостанай) қола үшін матчқа дейін жетіп, өкінішке қарай, үндістандық халықаралық шебер Аарит Капилге есе жіберді. Иманның ойыны жоғары деңгейде өтті және ол ел намысын лайықты қорғады.
Турнирге 33 елден 266 бала қатысты. Екі кезеңнен тұрған дода классикалық, рапид және блиц форматтарында өтті.