2 жыл бойы жас жігіт күніне төрт құтыға дейін энергетикалық сусын ішіп жүрген, деп хабарлады turkystan.kz сайты Pavlodarnews.kz басылымына сілтеме жасап.
20 жастағы науқас ауруханаға жеңіл физикалық жүктемеден кейін демігу, ауа жетпеу, жүрек соғысының жиілеуі және тәбеттің төмендеуі сияқты шағымдармен түскен. Оның айтуынша, бұған дейін жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауырмаған.
– Науқастың жағдайы ауыр деп бағаланды. Бастапқыда ол жансақтау бөлімінде ем қабылдады, кейін созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бөліміне ауыстырылды, – деді облыстық кардиоорталықтың дәрігері Айнұр Шукимбаева.
Энергетикалық сусындарды жиі тұтыну нәтижесінде оған «токсикалық кардиомиопатия» және «ауыр жүрек жеткіліксіздігі» диагнозы қойылып, бұл сусындардан мүлде бас тарту және кардиологтың тұрақты бақылауында болу ұсынылды.
Биыл кардиоорталыққа жүрекке қатысты шағыммен төрт жас жігіт түскен.
– Ағза әрқашан белгі береді. Ең алғашқы және жиі кездесетін белгілер: жүрек соғысының жиілеуі, жүректің ырғақсыз соғуы, мазасыздық, бас айналу, бас ауруы және ұйқысыздық. Егер энергетик ішкен сайын осы белгілердің бірі тұрақты байқалса – бұл қауіпті белгі, – дейді кардиолог.
Егер адамда жүрек ырғағының бұзылуына бейімділік немесе жасырын жүрек мәселелері болса, энергетик ішкеннен кейін 30-90 минуттың ішінде-ақ кері әсері байқалуы мүмкін. Бұл әсер физикалық жүктеме, стресс, алкоголь немесе есірткімен қатарласса, қауіп бірнеше есе артады.
– Бұл әсіресе жастар арасында өзекті, себебі энергетиктер көбіне психобелсенді заттармен қатар тұтынылады, – деп ескертті Айнұр Шукимбаева. – Әдетте, бәрі кезең-кезеңмен өрбиді: 20-40 минут ішінде жүрек соғысы мен қан қысымы көтеріледі, қозу пайда болады. 1-1,5 сағаттан кейін жүрек ырғағы бұзылып, мазасыздық, бас ауруы сезілуі мүмкін. Кейін «кері әсер» басталады: әлсіздік, дел-сал күй, назар қою қиындайды, «бас тұманданып» кетеді. Соңы тіпті есінен тануға не жүрек талмасына әкелуі мүмкін.
Энергетикалық сусындар, әсіресе 25-40 жас аралығындағы ер адамдарда, көзге көрінетін денсаулық мәселесі болмаса да, инфаркт қаупін арттырады.