Макрон француз электро-музыкасын ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне қосуды ұсынды

/
Макрон француз электро-музыкасын ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне қосуды ұсынды
сурет: Copyright AP Photo

Франция президенті Эммануэль Макрон French Touch деп аталатын француз электро-музыкасын ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, егер Берлин техносы бұл тізімге ене алса, француздардың электро стилі де соған лайық, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ке сілтеме жасап.

«Мен Германияны жақсы көремін, менің қаншалықты проевропалық екенімді білесіздер. Бірақ біз ешкімнен сабақ алуға міндетті емеспіз. Электронды музыканы біз ойлап таптық. Бізде – French Touch,» – деді Макрон француздың Fréquence Gaie (FG) радиосына берген сұхбатында.

2023 жылы Германия Берлин техносын ұлттық мәдени мұра ретінде мойындап, ЮНЕСКО тізіміне енгізген болатын. Бұл стиль қаланың 1980-жылдардың ортасынан бастап мәдени келбетін айқындаған құбылыс ретінде сипатталған. Енді Франция да артта қалғысы келмейді.

French Touch – белгілі бір музыкалық дыбыстан гөрі географиялық ерекшелікпен сипатталатын құбылыс. 1990 жылдары танымал болған бұл бағытта Daft Punk, Étienne de Crécy, Bob Sinclar, AIR, Cassius секілді өнерпаздар электронды музыкаға жаңа тыныс әкелді. Бұл стиль хаус, диско, джаз және ескі үлгідегі сэмплдерді шебер қолдануымен ерекшеленеді.

Daft Punk-тың мүшесі Томас Бангальтердің Roulé лейбліндегі алғашқы тректерінен бастап, кейінгі M83, Phoenix, Justice топтарына дейін француз электро-музыкасы халықаралық деңгейде зор жетістікке жетті. Расымен, соңғы жылдары оның танымалдығы сәл бәсеңдегенімен, French Touch әлі де тыңдармандар арасында үлкен ықыласқа ие.

Франция бұған дейін де бірнеше ұлттық мәдени мұрасын ЮНЕСКО тізіміне енгізе алған, 2022 жылы багет, сонымен қатар Грасс қаласының хош иістері, Гваделупаның гвока музыкасы мен Реюньон аралының малоя әндері.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары