Фристайл шахмат турнирінің ресми Instagram парақшасында жарияланған Бибісара Асаубаеваның суреті әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлады turkystan.kz.
Постта қазақстандық гроссмейстердің шахматтағы жетістіктері емес, шпагат жасап тұрған сәті көрсетілген. Желі жұртшылығы бұл таңдауды кәсібиліктен алшақ деп бағалап, ұйымдастырушылардың әрекетін сынға алды.
«Сіздер ешқашан Магнус Карлсеннің шортымен жүрген немесе Хикару Накамураның шахмат тақтасында шпагат жасап тұрған суретін жарияламайтын едіңіздер ғой. Ендеше неге дәл осындай мазмұндағы фотосурет шахмат турнирінде қолданылды? Бұл жағдай кәсібилік талаптарына сай келмейді және гендерлік теңсіздіктің белгісіндей әсер қалдырады», «Бұл қандай фото өзі? Ол шахматшы емес пе?», «Мұндай фотоны жариялап, шахмат әлеміне осындай астарлы үндеу жолдағаны үшін freestyle chess ұйымдастырушыларынан ұялу керек. Ол да басқа ойыншылар секілді құрметке лайық», «Бұл фотоны неге таңдағандарын түсінбеймін... Ол керемет шахматшы және оның ойнап отырған сәтінен көптеген суреттері бар. Аяғын керіп отырған фотосуретті жариялаудың еш қажеті жоқ еді», – деп жазды желі қолданушылары.
Көпшілік бұл суретті әйел шахматшыларға деген көзқарасты үстірт көрсету деп қабылдады. Жанкүйерлер танымал платформаларда кәсіби спортшылардың мәртебесіне сай контент ұсынылуы тиіс екенін атап өтті.