Жаңа жеке куәлікті енді толықтай онлайн рәсімдеуге болады. eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында құжатты қашықтан қайта рәсімдеуге мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды.
Бастама Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бірлесіп жүзеге асырды.
Қызметті eGov.kz порталында қалай алуға болады?
Қызметке тапсырыс беру үшін eGov.kz электрондық үкімет порталында авторизациядан өтіп, қажетті қызметті таңдап, биометриялық сәйкестендіруден өту, мәліметтерді толтыру, қол қою әдісінің бірі арқылы өтінімді растау және мемлекеттік баж салығын банк қосымшасы арқылы төлеу қажет.
Қызметті eGov Mobile мобильді қосымшасында қалай алуға болады?
Мобильді қосымша арқылы өтінім беру үшін қосымшада авторизациядан өту, тиісті қызметті таңдап, биометриялық сәйкестендіруден өту, қажетті деректерді толтыру, құжатты алу орнын көрсету, мемлекеттік баж салығын төлеу және өтінімді Face/Touch ID арқылы растау қажет.
«Жеке куәлік пен паспортты беру» қызметін кімдер пайдалана алады?
Бұл қызметті тек жеке куәлік иесі ғана ала алады. Басқа адамның атынан, тіпті сенімхат немесе қамқоршылық негізінде де өтінім беру мүмкін емес.
Жеке куәлікті онлайн ауыстыру қандай жағдайларда мүмкін?
Жеке куәлікті онлайн түрде тек оның қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда ғана ауыстыруға болады – құжат мерзімі аяқталғанға дейін 30 күн бұрын немесе мерзімі өткеннен кейін 10 күн ішінде.
Дайын құжатты қайдан және қашан алуға болады?
Жаңа жеке куәлікті өтініш беруші алдын ала көрсеткен тіркеу пунктінен алуға болады. Құжатты дайындаудың стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні.
«Жеке куәлік пен паспортты беру» қызметі үшін мемлекеттік баж салығы қанша?
Қызметтің стандартты түрі үшін мемлекеттік баж – 0,2 АЕК. Құжатты жедел рәсімдеу қажет болған жағдайда, үдетілген қызмет түрлері қолжетімді: 3 жұмыс күнінде – 1 771 теңге, 1 жұмыс күнінде – 3 372 теңге.
Онлайн өтінім беру кезінде қандай ақпараттық қауіпсіздік шаралары қарастырылған?
Өтінімді беру рәсімі заманауи деректерді қорғау әдістері мен қосымша сәйкестендіру факторлары қарастырылған қорғалған Digital ID жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Алдымен жүйе өтінім берушінің ЖСН мен телефон нөмірін мобильді азаматтар базасы арқылы тексереді. Содан кейін тіркелген телефон нөміріне бір реттік құпия код (OTP) жіберіледі. Бұдан әрі пайдаланушы қосымша қорғау шарасы ретінде биометриялық сәйкестендіруден өтуі қажет. Мұндай тәсіл жоғары деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және үшінші тұлғалардың қызметке қол жеткізу мүмкіндігін толығымен болдырмайды.
Биометриялық деректер қаншалықты сенімді қорғалған?
Барлық биометриялық деректер «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның қорғалған контурында шифрланған түрде сақталады. Digital ID ақпараттық жүйесі ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің талаптарына сәйкестігі жөніндегі актіге ие.
Егер қолданушы биометриялық сәйкестендіруден өте алмаса не істеу керек?
Кейбір жағдайларда пайдаланушылар биометриялық сәйкестендіруден өте алмауы мүмкін. Бұл бет-әлпетінің ерекшеліктеріне, операциядан кейінгі өзгерістерге, тыртықтардың болуына, жас ерекшеліктеріне немесе мимикаға байланысты болуы ықтимал.
Мұндай жағдайлар қызмет көрсетуден бас тарту болып саналмайды – бұл қауіпсіздік шарасы ретінде қарастырылған. Онлайн сәйкестендіруден өту мүмкін болмаған жағдайда, жүйе автоматты түрде балама нұсқа – ХҚКО арқылы рәсімдеуді ұсынады. Бұл ретте өтініш беруші өзіне ыңғайлы кез келген ХҚКО-ға жүгіне алады.
Қызмет туралы толық ақпаратпен eGov.kz порталындағы қызмет төлқұжатынан танысуға болады.
Жаңашылдық ҚР Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылды.