"Интернеттен қараған": Тіс емдейтін жалған клиника ашқан 22 жастағы жігіт ұсталды

/
"Интернеттен қараған": Тіс емдейтін жалған клиника ашқан 22 жастағы жігіт ұсталды
сурет: istockphoto.com

Чехияның Гавличкув-Брод қаласында заңсыз жұмыс істеген жалған стоматологтар отбасысы әшкереленді. Бұл туралы The Guardian басылымы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полиция 2025 жылғы маусымда 22 жастағы жігітті және оның екі туысын ұстады. Олар 2023 жылдан бастап ешқандай медициналық білімі мен лицензиясы болмаса да, толық жабдықталған жеке клиника ашып, онда науқастарды қабылдап келген. Ең сорақысы, «бас дәрігер» интернеттегі бейнежазбалар арқылы стоматологияны өз бетімен меңгерген.

Жас жігіт тек диагноз қойып қана қоймай, тіс жұлумен, анестезиямен және күрделі процедуралармен, соның ішінде түбір каналдарын емдеп келген.

Клиниканың жұмысын ұйымдастыруға оның 44 жастағы туысы да көмектескен. Ол клиника үшін арнайы орын берген және тіс протездерін жасаумен айналысқан. Ал жалған дәрігердің 50 жастағы анасы бұрын денсаулық сақтау саласында жұмыс істеген, сол себепті ол медициналық дәрі-дәрмектер мен материалдарға қол жеткізіп, клиниканы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отырған.

Екі жыл ішінде бұл отбасы ондаған пациентті қабылдап, 4 миллион чех кронын тапқан.

Қазір пациенттерден ресми шағым түскен жоқ, ал полиция бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Үшеуіне заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, ақшаны заңсыз жолмен табу, денсаулыққа зиян келтіруге оқталу, медициналық препараттарды заңсыз қолдану және ұрлық баптары бойынша айып тағылды. Бұған дейін олардың ешқайсысы сотталмаған. Олар кінәсін мойындады және қазіргі таңда ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Егер кінәлары дәлелденсе, сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары