Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдегі ең танымал университеттер рейтингінің жиырма екінші басылымы бойынша әлемнің жетекші университеттерінің бірі болып танылды.
ЕҰУ өз позициясын жақсартып, әлемдегі ең үздік университеттер арасында 317-орынды иеленді. Университет екінші жыл қатарынан халықаралық бәсекелестік ортада өсу динамикасын көрсетті.
«Жұмыс берушілер арасындағы бедел» және «ПОҚ-студенттер арақатынасы» көрсеткіштері бойынша университет үздік 100-ге енді. Сондай-ақ университет шетелдік оқытушылар мен студенттер үшін де тартымды болып қала береді.
«Әлемдік жетекші жоғары оқу орындарымен алшақтықты жою үшін қазақстандық университеттер қазіргі заманғы ғылыми күн тәртібіне ықпалын арттыруға, халықаралық зерттеу жобаларына қатысуға және академиялық ортадағы беделін одан әрі нығайтуға күш салуы қажет», – дейді QS аға вице-президенті Бен Саутер.
QS рейтингі университеттерді 9 критерий бойынша бағалайды: «Академиялық бедел», «Бір оқытушыға шаққандағы дәйексөздер саны», «Жұмыс берушілер арасындағы бедел», «Жұмысқа қабілеттілік», «Оқытушылар мен студенттердің арақатынасы», «Халықаралық профессор-оқытушылар құрамының үлесі», «Халықаралық ғылыми ынтымақтастық», «Халықаралық студенттердің үлесі» және «Тұрақтылық».
Биыл QS рейтингіне 106 елден 1501 жоғары оқу орны, оның ішінде Қазақстаннан 20 университет кіреді.