Ерлан Қошанов: Өзгерістерді әр отбасы сезінуі керек

/
Ерлан Қошанов: Өзгерістерді әр отбасы сезінуі керек
сурет: parlam.kz

Бүгін Мәжілісте Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы бюджет атқарылуы бойынша есебі тыңдалды. Талқылау барысында депутаттар Үкімет жұмысын қатаң сынға алып, жүйелі шешімді қажет ететін проблемаларға назар аударды, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Үкімет өз жұмысында сын мен ұсыныстарға назар аударуға тиіс," – деді Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов отырыс соңында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, жылда бюджет шығысына байланысты сұрақтар туындайтын болса, биыл жағдай мүлдем өзгерген.

"Биыл, өкінішке қарай, бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау мен орындауда кеткен кемшіліктерге байланысты мәселелер орын алып отыр," – деп атап өтті ол.

Ерлан Қошановтың пікірінше, соның салдарынан Ұлттық қордан ақша алу мен сырттан қарыз тарту көбейіп барады.

"Депутаттардың алаңдауы орынды деп санаймын. Тиісті мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша қорытынды жасауы керек," – деді Мәжіліс Төрағасы.

Сөз арасында ол қазіргі айтылып жатқан ескертулердің көбі бұрыннан белгілі екенін жеткізді.

Сонымен қатар, "Сынау да керек. Бірақ осы мәселелердің қалай шешіліп жатқаны туралы да айтуымыз керек деп ойлаймын" деп, оң өзгерістерге де назар аударды.

Жаңа Бюджет кодексі – жүйелі реформа

Қошанов депутаттар жыл бойы заңнамалық шешімдерге белсене араласып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Бюджет кодексін әзірлегенін айтты.

"Жаңа Бюджет кодексі бұрынғы модельдің олқы тұстарын – бөлшектенуді, жариясыздықты және бақылаудың әлсіздігін жоюға бағытталған," – деді ол.

Оның айтуынша, енді депутаттар квазимемлекеттік сектор мен бюджеттен тыс қорлардың да қаржысын бақылап отырады. "Бүкіл бюджет процесі цифрланып, ашық болады. Қаржылық тәртіп күшейеді," – деп түйіндеді ол.

Сондай-ақ, жаңа құжаттың тағы бір маңызды тетігі – Ұлттық қор қаражатын тек стратегиялық мақсаттарға жұмсау.

"Мұны депутаттар қатаң қадағалайды," – деді ол нақтылап.

"Дивиденд төлеуде де теңгерімсіздік барын байқадық"

Қошанов квазимемлекеттік сектордағы дивиденд төлеу мәселесіне де тоқталды. Бұл бағытта жүйелі реттеулер енгізіліп, компаниялардың дивиденд саясаты қайта қаралған.

"Жалпы, жаңа Бюджет кодексі мемлекеттік қаржы жүйесін толығымен қайта жаңғыртып, Үкіметтің дербес жауапкершілігін арттыруға тиіс," – деді ол.

Салық саясатында әділдік күшейеді

Бюджеттің кіріс бөлігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Мәжіліс Төрағасы бұл тұста жаңа Салық кодексінің рөлі зор екенін айтты.

"Біз жөнсіз салық жеңілдіктері мен бұралаң тұстарды алып тастадық," – деді Ерлан Қошанов. Енді депутаттар әр есептен жеңілдіктердің нақты тиімділігіне баға беретінін жеткізді.

Сонымен бірге, салық әкімшілендіруі де күшеймек.

"Бұл – мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігіне оң әсер етеді деп үміттенеміз," – деді ол.

Экономикада оң өзгеріс байқалады

Сөз соңында Мәжіліс Төрағасы жағымды жаңалықтарға да тоқталып өтті.

"Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны біртіндеп үдеп келе жатқаны байқалады. Соңғы бес айда ІЖӨ өсімі 6 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі – 18 пайыз," – деді ол.

Әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалып жатқанын айта келе, бұл – Мемлекет басшысының экономиканы дамытуға бағытталған тапсырмаларының нақты нәтижесі екенін жеткізді.

Алайда, Қошанов бар күшті халықтың тұрмыс сапасына бағыттау қажеттігін баса айтты.

"Өзгерістер қағаз бетінде қалып қоймауға тиіс. Оны еліміздің әр тұрғыны, әр отбасы сезінуі керек," – деді ол.

Үкіметке ескерту: ұсыныстар ескерусіз қалмасын

Төраға сөзін қорытындылай келе, бүгінгі айтылған ұсыныстар мен сын-пікірлерді Үкімет назардан тыс қалдырмауы керектігін айтты.

"Бұл мәселе әрдайым депутаттардың бақылауында болады," – деп түйіндеді Ерлан Қошанов.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары