Еурокубок ойындары: Қазақстандық клубтардың қарсыластары анықталды

/
Еурокубок ойындары: Қазақстандық клубтардың қарсыластары анықталды

2025/26 жылғы футбол маусымындағы УЕФА Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасының іріктеу кезеңдеріне арналған жеребе 17 маусымда Швейцарияның Ньон қаласында өтті, деп хабарлады turkystan.kz сайты Prosports.kz порталына сілтеме жасап.

Биыл отандық клубтардан алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасында сынға түссе, «Ақтөбе» Еуропа лигасында, «Ордабасы» мен «Астана» Конференция лигасына қатысады.

Жеребе нәтижесі бойынша «Қайрат» Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Олимпиямен» (Любляна, Словения) күш сынасады.

Бірінші ойындар 8/9 шілдеге, ал қарымта матчтар 15/16 шілде күніне жоспарланған. «Қайрат» бірінші ойынды сырт алаңда, ал қарымта матчты Алматыда өткізеді.

«Ақтөбе» Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Легиямен» (Варшава, Польша) кездеседі.

«Ақ-қызылдар» бірінші ойынды 10 шілдеде сырт алаңда өткізсе, қарымта матчты 17 шілде күні өз алаңында өткізеді.

Конференция лигасына қатысатын «Ордабасы» бірінші іріктеу кезеңінде «Торпедомен» (Кутаиси, Грузия) кездесетін болды. 

Шымкенттіктер бірінші ойынды 10 шілде күні сырт алаңда өткізсе, қарымта матчты 17 шілде күні Шымкентте өткізеді.

Ал «Астана» клубы УЕФА Конференция лигасын екінші кезеңнен бастайды. Оның жеребесі ертең өтеді. Екінші раунд 24 және 31 шілде күндеріне жоспарланған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары