Бүгінде адамдар арасындағы қарым-қатынас суып, жан жылуы мен шынайы ықыласы азайып бара жатқандай. Осындай рухани күйзеліс белең алған заманда театр адам жанының емшісіне айналып, жүрекке жылу ұялататын рухани алаң ретінде ерекше рөл атқарады. JAN иммерсивті театры көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп отыр.
Көшпелі театр форматында жұмыс істейтін ұжым – сахнасыз да өмір сүре алатын, кез келген кеңістікті сахнаға айналдыра алатын ерекше топ. Жақында театрға жолымыз түсіп, тыныс-тіршілігімен танысып, қызметкерлерінің пікірін тыңдап қайтқан болатынбыз.
JAN театрының директоры әрі актері Әзілбек Төлеуғали бұл театрдың құрылуына бүгінгі қоғамдағы рухани дағдарыс, қарым-қатынастағы салқындық себеп болғанын айтады.
– Қазір адамдар арасында шынайылық пен жылулық азайып бара жатыр. Бір-бірін тыңдау, түсіну, жанашырлық көрсету жетіспейді. Біз осыны жүрегімізбен сезініп, театр арқылы адамдар арасында рухани көпір салғымыз келді, – дейді ол.
Әзілбектің айтуынша, Jan театры – тек қойылым көрсететін сахна емес, адамның ішкі әлеміне үңілетін, жанын тербететін ерекше алаң.
– Театр – бұл жай ғана өнер емес. Бұл адамның ішкі жан дүниесімен сырласатын, оған айна болатын рухани орта. Біз әрбір қойылым арқылы көрерменнің жүрегіне жол табуға, ойландыруға тырысамыз, – деді Әзілбек Төлеуғали.
JAN театрының басты ерекшелігі – тұрақты сахнаның жоқтығы. Олар әр қойылымды жаңа кеңістікте өткізеді.
– Сахнасыз сахна дегеніміз – дәстүрлі шекаралардан арылу. Бұл шығармашылық еркіндікке жол ашады. Біз кез келген кеңістікті сахнаға айналдыра аламыз. Кеңістік – біз үшін көркем серік. Ол драматургиямен үндесіп тұруға тиіс. Себебі біз кеңістікті де «сөйлетеміз». Ал кеңістік таңдағанда ең бірінші таңдалған жер мен қойылым арасындағы байланысқа мән береміз. Біз кеңістікті көрерменге жайлы болсын деп емес, қойылым мазмұны мен мәніне сай болсын деп таңдаймыз. Сол кезде ғана көрермен оқиғаға шын сеніп, шынайы әсер ала алады. Ал қойылымды таңдағанда ең алдымен оның бізге не сыйларын қараймыз. Егер ол бізді тебірентсе, жүрегімізді қозғаса, сол кезде ғана оны сахналаймыз. Көрерменге әсер ету үшін алдымен ол әсерді өзіміз сезінуіміз керек, – дейді.
Театр репертуарында әлемдік классиктермен қатар заманауи драматургтердің туындылары да бар. Өйткені JAN театры үшін өз заманының жанайқайын, үнін жеткізу – басты міндет.
Тeатр көшпелі форматты да кездейсоқ таңдап алған жоқ. Бұл – саналы шешім, шығармашылық еркіндікке деген ұмтылыстың нәтижесі.
– Әрине, театрдың ғимараты, сахнасы болған жақсы. Бірақ ол кейде шектеу қояды. Ал көшпелі формат еркіндік сыйлайды. Біз ойымызды еш кедергісіз жүзеге асыра аламыз. Ұйымдастыру жұмыстары оңайға соқпайды, техника, реквизит тасу бәрі өз мойнымызда. Бірақ бұл бізді шыңдайды. Әр кеңістікке техниканы бейімдеу, жарық пен дыбысты реттеу, декорацияны ыңғайлау көп еңбекті талап етеді. Бірақ бұл біз үшін қалыпты жағдай. Қиындықтармен бірге өсіп келеміз, – дейді театр жетекшісі.
Қазір ұжым Астанадағы Жастар сарайымен бірлесе жұмыс істеп, сол жерде тұрақты түрде спектакльдер қойып келеді. Айына 1-2 қойылым сахналанады.
Жеке театр ұжымының қаржылық жағдайы өнімді жұмыс істегеніңе байланысты. Билет сатылымы, кештер мен мәдени жобалар – табыс көзі.
– Спектакльдеріміз өз-өзін ақтап отыр. Болашақта актерлерге тұрақты жалақы төлеуді жоспарлап отырмыз. Осы мақсатымызға жету үшін тынбай еңбектеніп жатырмыз, – дейді директор.
Актер Жәнібек Оралжан театр ерекшелігі туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, көрермен тек бақылаушы емес, қойылымның толыққанды қатысушысы, актерлардың серігі.
– Көрермен сахнада бізбен бірге өмір сүрсе, бірге күлсе, бірге жыласа спектакль жандана түседі. Энергия алмасу артқан сәтте қойылым шынайылықтың шегіне жетіп, кейде тіпті импровизацияға ұласуы мүмкін. Міне, сол кезде театр нағыз өміршең өнерге айналады, – дейді актер.
Жәнібек кейде көрерменнің көңіл күйі тұтас қойылым атмосферасына әсер ететінін де жасырмайды.
– Актер мен көрермен арасында шынайылық орнаған сәтте ерекше аура қалыптасады. Спектакльдің бағытын сол сәттегі рухани үндестікке қарай өзгерту біз үшін қалыпты жағдай. Театрдың шынайы құдіреті де осында. Әр театрдың өз жолы, өз болмысы бар. Біз де өз бағытымызбен келеміз. Болашақ театрлар заман талабына сай, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғайтын, адамдарға ой салатын, жанын тебірентетін туындылармен толығуы керек. Біз дәл сол бағытта жұмыс істеп келеміз, – деп ойын толықтырды актер.
Жәнібектің пікірінше, болашақ театрдың қандай боларын нақты болжау қиын. Бірақ ол театр атаулының өз дәуірімен үндес болуы шарт деп есептейді.
Гүлжамила СЕРІК,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ
Журналистика факультетінің
ІІ курс студенті