Қатерлі химиялық заттар бар: Танымал тәттілер дүкен сөрелерінен қайтарылып жатыр

/
Қатерлі химиялық заттар бар: Танымал тәттілер дүкен сөрелерінен қайтарылып жатыр
сурет: istockphoto.com

Ұлыбритания танымал әрі трендке айналған Jolly Rancher тәттілерін шұғыл қайтарып жатыр. Себебі олардың құрамынан денсаулыққа қауіпті, заңмен тыйым салынған қатерлі заттар табылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлыбританияның Азық-түлік стандарттары агенттігі (FSA) хабарлағандай, Hard Candy, 'Misfits' Gummies, Hard Candy Fruity 2 in 1 және Berry Gummies өнімдерінде Mineral Oil Aromatic Hydrocarbons (MOAH) және Mineral Oil Saturated Hydrocarbons (MOSH) атты зиянды химиялық заттар анықталған. Бұл тәттілердің барлығы АҚШ-тың Hershey компаниясы өндіретін өнімдер.

Аталған химиялық заттар мұнай өнімдерінен алынады және бауыр мен лимфа түйіндерінде қатерлі ісік қаупін арттыратыны ғылыми дәлелденген.

Агенттік бұл тәттілерді жеп қойған адамдарға қатты алаңдаудың қажеті жоқ екенін, өйткені қауіп төмен екенін айтты. Бірақ оларды қолданудан бас тартып, жойып жіберуге кеңес берді. Бұл әсіресе ұзақ уақыт бойы тәттілерді жеген адамдарға қауіпті.

Hershey компаниясы аталған өнімдерді Ұлыбритания нарығынан қайтарғанын хабарлағанымен, FSA кейбір дүкендерде бұл тәттілердің сатылып жатқанын анықтаған. Сондықтан агенттік барлық сатушылар мен билік өкілдерін аталған өнімдерді сөрелерден шұғыл алып тастауға шақырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары