Әнші Дастан Оразбеков озат оқушы болмаған, бірақ мұғалімдердің ықыласына бөленіп, өнерімен ерекшеленген туралы айтты. Бұл туралы ол Хабар арнасындағы КешRec бағдарламасында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Мектепті үштікпен бітірдім, төрт пен бестікке бітірдім деп мақтанып керегі жоқ. Бірақ тоғызыншы сыныпты төрт пен беске оқығанмын. Алматыға келген соң өзім де 'қойшы' дедім. Мұғалімдер де түсінген шығар – 'мына бала оқуға емес, сахнаға жаралған' деп. Емтихандардың бәрін де апайларымның арқасында өттім", – дейді ол.
Әзілкештің айтуынша, мұғалімдер оның өнерін, қабілетін бағалап, емтихан орнына терме айтып, ән орындауына мүмкіндік берген.
"Класс жетекшілер 'Дастан, келші, бүгін менің класс сағатым бар. Домбыраңды алып кел де, бір терме айтып берші, ән салып бер' дейтін. Сосын емтиханда жолығамыз. Сөйтіп мектепті бітірдім", – деп күледі Оразбеков.