Маңғыстауда 1 минутта мың сөз оқитын оқушы өзінің құпиясын айтты

/
Маңғыстауда 1 минутта мың сөз оқитын оқушы өзінің құпиясын айтты
Фото: Sputnik.kz

Маңғыстау облысында 1 минутта мың сөз оқитын Самир Валерий өзінің құпиясымен бөлісті. Естіген құлаққа сенгісіз болғанмен, ниеті бар адам үшін бұл қиын емес, дейді талантты оқушы Sputnik Қазақстан тілшісіне.

"Негізі Арай Рахметова апайым үйреткен әдіспен оқып жүрмін. Менің апайым әмбебап адам", - деп мақтанды 12 жастағы оқушы.

Самир бұл әдісті меңгеріп оқу жылдамдығын арттырумен айналысқанына 2 жыл. Ұстазын әлеуметтік желі арқылы тапқан 6-сынып оқушысы әу баста минутына 90 сөз оқитын.

"Арай апай үйге тапсырмалар береді, түнімен отырып оқып, оны бейнежазбаға түсіріп жіберетін ем. Бірақ кішкентай бауырларым мазамды алып, кедергі келтіретін", - дейді Самир.

Маңғыстауда кітап аз

Кішкентай оқымыстыны қынжылтатыны – оқитын кітаптардың аздығы.

"Маңғыстауда кітап сататын жерлер бар, бірақ аз. Мағыналы кітаптарды екі жерде ғана сатады. Мысалы, Ақтауда кітап сататын жерлер бар, бірақ акция, жеңілдік деген жоқ. Егер кітап дүкендері көп болса, балаларға ыңғайлы жағдай жасалса, оқымысты балалар көп болар еді. Қазақша кітаптар аз, негізі қазақша кітаптарды көп шығарса, ол көп оқылса, патриоттық сезім дамитын еді. Қазақтарға білім көп керек", - дейді Самир Валерий.

Президенттің алдына барғым келеді

Арманы биік, талабы күшті Самир бір ғана емес, бірнеше саладан жұлдыз болғым келеді дейді.

"Болашаққа жоспарым көп: президенттің алдына барғым келеді. Бокстан әлем чемпионы болсам, Энштейн сияқты ғұлама болсам деймін. Димаш Құдайберген ағам сияқты ән де айтқым келеді", - дейді оқымысты бала.

Баламның жетістігін елден естіп білдім

Әкесі Нұрлыбек Аманбаев жұрт айтқанда ғана баламның таланты барын білдік дейді. Айтуынша, Самир елмен сөйлескенді жақсы көретін көпшіл, ашық мінезді.

"Өзге баладан ерекше деп айта алмаймын, қарапайым ғана. Үйде сабағын қадағалап, жіті назарға алған емеспіз. Өзі әңгіме айтқанды жақсы көреді. Сағаттап кітап оқып, үйде үздіксіз дайындалады деп те айта алмаймын. Жылдам оқу орталығындағы мұғалімі шақырғанда ғана барып дайындалады. Көбіне қиял-ғажайып қазақша кітаптарды оқығанды жақсы көреді", - дейді Нұрлыбек Аманбаев.

Самир гитара ойнап, домбыра шертеді, спортпен де айналысады.

Орта мектепті ұнатпады

"Самир бірнеше мектепте оқыды, гимназия, жекеменшік мектеп, сосын орта мектепке ауысты. Сол кезде ол қиналды, өйткені 30 оқушының арасында елеусіз боп қалды. "Басым ауырды, шулай береді" деп ұнатпады. Өзіне назар аудартқанды, көпшіліктің алдында жүргенді ұнатады. Жаңа мұғалімдер, жаңа орта, дұрыс бейімделе алмады. Жеке мектепте 15-16 оқушымен оқыған. Ал бұл мектепте ондай жағдай жасалмады", - дейді Самирдің әкесі.

Мұғалімдер бағасын төмендеткен

Самирдің ұстазы – 26 жастағы Арай Рахметова. Философия мамандығының иегері бала тәрбиелеуді жөн көріпті.

"Бала күнімде мені мұғалімдер "сабақ оқымайсың" деп тым шеттетіп, болашаққа деген құлшынысымды түсірген сәттер болды. Самирдің де басынан сондай жағдайлар өткен. Бағасын төмендетіп, дұрыс бағаламаған. Оқымайтын оқушы жоқ, оқытпайтын ата-ана мен ұстаз бар дер едім. Баланың болмысын зерттеп қана білім беру керек. Егер баланың талантын аша білсе, одан ғұлама шығады. Самир өте ізденімпаз, талапты бала. Білімге құлшынып тұрады", - дейді Арай Рахметова.

21 кітаптың авторы болған Арай Рахметова кітап оқимын дегендерге тәлім беріп жүр. Кәсіпкер мен ұстаздан бастап үйретіп келеді. Ал оқушыға берер білім өте сапалы болу керек, дейді ол.

Аналар білімді болу керек

"Мақсатым – білімді ата-ана, ұстаз болса деймін. Өйткені әлем сол кісілердің қолында. Егер олар сауатсыз болса тіршілік қиындап кетеді. Қазақстанның оқу деңгейі өкінішке орай төмендеп кетті", - дейді ол.

25 оқушыға бір ғана теңдеуді жаппай оқытпай, жеке-жеке зерттеп білім беру керек, дейді ұстаз.

"Маған келіп тәлім алғысы келетін балалардың ата-анасы: "ой, оның қажеті не, кітап оқып, мықты жұмыс тауып кетпейді бәрібір. Қазақстанға бұның қажеті не" деп кетіп қалады. Менің "әттеген-айым" – аналар мен ұстаздардың сауатын ашу мына заманда өте қиынға соғып тұр. Бара-бара роботтар басқарады, сонда білімсіз адам оларға бағынады, ары қарай не боламыз", - дейді мұғалім.

Арай шәкірті Самир сияқты балалардың білімін арттыру керек дегенді айтады. Өйткені балаға лайықты берілмеген білім – болашақ жақсы өмірге шабылған балта дейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары