Кейінгі жылдары биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) қолдану әлемдік денсаулық трендінің ажырамас бөлігіне айналды. Precedence Research зерттеу агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылы әлемдік БАД нарығының көлемі 385,8 млрд долларға жеткен. Бұл өсімге айрықша серпін берген – COVID-19 пандемиясы. Адамдар иммунитетті күшейтудің жолын іздеп, биоқоспаларға жаппай бет бұрды. 2018-2020 жылдар аралығында әлемде БАД өнімдерінің сатылымы 50%-ға артқан, деп хабарайды turkystan.kz QSI – Қоғамдық саяси институт жүргізген зерттеуге сілтеме жасап.
Бұл үрдіс Қазақстанды да айналып өтпеді. 2019 жылы елімізде 147,3 тонна витамин мен провитамин сатылса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 191 тоннаға жеткен. Ал 2023 жылы сатылым шарықтау шегіне жетіп, 338,7 тоннаға жетті. Бұл – пандемияға дейінгі деңгейден 130%-ға жоғары.
Қоғамдық саясат институтының әлеуметтік зерттеуі бойынша, қазақстандықтардың 62,7%-ы витаминдер, минералдар және БАД қабылдайды. Оның ішінде 11,6%-ы үнемі ішеді. Әйелдер арасында БАД қолдану жиілігі (72,8%) ерлермен салыстырғанда (50,4%) едәуір жоғары.
Зерттеулерге сүйенсек, тұтынушылардың 43,1%-ы БАД қабылдауды дәрігердің кеңесімен бастайды. 19,8%-ы – жақындарының, 11,8%-ы өз бетімен алған ақпаратқа сүйене отырып шешім қабылдайды. Қала тұрғындары (14%) БАД қабылдауға өздігінен шешім қабылдауға ауыл тұрғындарына (7,9%) қарағанда екі есе бейім.
Алайда БАД өнімдерінің кеңінен қолданылуына қарамастан, олар дәрілік заттардан айтарлықтай ерекшеленеді және өзіне тән қауіптері бар:
- Клиникалық зерттеулердің жоқтығы. БАД өнімдері дәрі-дәрмектер сияқты клиникалық сынақтардан өтпейді, олардың емдік әсерінің дәлелді ғылыми негізі жоқ.
- Құрамын бақылаудың әлсіздігі. ҚР Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің дерегі бойынша, 2024 жылы тексерілген 10 491 өнімнің 31%-ы қауіпсіздік талаптарына сай келмеген. Соның салдарынан 5,5 тоннадан астам өнім сатылымнан алынған.
- Интернеттегі заңсыз сауда. Онлайн сатылымда ұсынылған БАД-тың 25%-ы тіркелмеген, ал әр екінші өнімде белсенді зат мөлшері шамадан тыс асып кеткен. Кейбір БАД өнімдерінде адам денсаулығына қауіпті заттар анықталған. 2024 жылы әлеуметтік желілердегі 1495 парақшадан тіркелмеген БАД жарнамалары, соның ішінде Instagram-дағы 94 парақша жабылған.
Осы қауіптердің алдын алу мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылғы 28 наурызда БАД өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Бұл жоба өнімнің түпнұсқалығын растау, көлеңкелі айналымға тосқауыл қою және есепке алу тетіктерін стандарттауға бағытталған.
Халықаралық тәжірибе де БАД өнімдерін бақылау мен таңбалаудың маңыздылығын көрсетіп отыр:
- АҚШ-та диеталық қоспалар арнайы комиссия тарапынан бақыланып, өнімнің атауы, құрамы, өндіруші туралы мәлімет және жанама әсерлерге арналған байланыс нөмірі көрсетілуіге тиіс.
- Еуроодақта БАД құрамындағы қоректік заттар мен витаминдер туралы ақпарат міндетті түрде көрсетіледі. Сондай-ақ "БАД — дәрі емес" деген ескерту жазылады.
- Қытайда орау мен таңбалауға қатаң талаптар қойылып, барлық қаптама мемлекеттік органда тіркелуі қажет.
Есіңізде болсын! БАД – дәрі емес. Оларды дәрігердің кеңесінсіз қолдану денсаулыққа үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Өзін-өзі емдеудің ыңғайлылығы кейде орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.